
Табиғат - бұл бізді қоршаған орта. Қоршап тұрған ортаның таза да көрікті болуы әрқайсымызға тығыз байланысты. Табиғатта өте тамаша бір қасиет бар. Оның өзі бөліп шығарған қалдықтардан адамдардың көмегінсіз-ақ өзін-өзі тазартып алады екен, ал адам баласының бөліп шығарған көң-қоқсығынан ақыл-оймен өмірге келген халық шаруашылығының (ауыл, өнеркәсіп, транспорт, құрылыс) улы, зиянды қалдықтарынан өздігінен тазалануға табиғатта шама жоқ.
Тазалық - баршаға ортақ іс. Туған өлкеміздің тазалығы өзімізге тығыз байланысты. Сондықтан жыл сайын екі рет аудан әкімінің өкімімен абаттандыру, көріктендіру және санитарлық тазалық жұмыстары жүйелі ұйымдастырылады. Оған меншік түріне қарамастан барлық мекеме, бөлім, кәсіпорын ұжымдары жұмылдырылады. Сенбілікте әр ұжым мүшелері өздеріне бекітілген аумақты тазартып, ауданымызда тазалықтың салтанат құруына үлестерін қосуда. Алайда апта сайын өткізіліп жатқан сенбіліктерге қарамастан артынша қоқыстар пайда болып жатады. Тазалық алдымен осы аудандағы тұрып жатқан баршамызға қажет.
Биыл “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясы басталғалы бері ауданымызда көптеген жұмыстар атқарылуда. 18 ауылдық округке қарасты 43 елдімекендерде сенбілік жұмыстары ұйымдастырылып, қоқыстар шығарылып, көшеттер отырғызылуда. Ескерткіштердің айналасы ретке келтіріліп, сырланып, әктелуде. Арық-атыздар мен каналдар тазаланып, Талас өзенінің жағасына да тазалық шаралары жүргізілді.
Қанша жерден тазалық шаралары жүргізіліп жатса да артынша қоқыстар пайда болып жатады. Бұған сол жерде тұратын тұрғындар кінәлі. Сондықтан тұрғындар арасында тұрғылықты жерін таза ұстап, ластануға жол бермеу, айналаны көгалдандыру жұмыстарына жұмыла атсалысатындай жаңа көзқарас қалыптастыру бағытында жұмыстар атқаруымыз қажет секілді. Қоршаған ортаның тазалығын сақтау, табиғат анаға деген қамқорлықты қалыптастыру, тазалыққа үлес қосу-әрбір азаматтың міндеті деп білемін.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, “Таза Қазақстан” экологиялық акциясына біркісідей үлесімізді қосайық. Өзіміз тұрып жатқан өлкеміз бен ауламыздың, көшеміздің тазалығына жауапкершілікпен қарап, ауласынан шыққан қоқыстарды, тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген жерге, ретсіз төгуге болмайтындығын, айыппұл салынатындығын ескертейік.
Жалпы көшең, ауылың, туған өлкең таза болса, жүзің жарқын. Көрікті әрі жасыл желек жамылған өңірде кімнің тұрғысы келмейді. Олай болса, көктемгі тазалық жұмыстарына белсене қатысып, ауламыз бен көшемізге ағаш отырғызып, сенбіліктерге жұмыла қатысып, өзгелерге үлгі көрсетейік.
Қалдыкүл Асан,
Сарыкемер ауылының тұрғыны.