Қазақтың қайсар қызы

Қазақтың қайсар қызы

Кешегі Кеңестер Одағы кезінде аудан, облыс көлемінде басшылық қызметтерде болған қыз-келіншектер санаулы еді. Солардың бірі-біз сөз еткелі отырған ауданымыздың тумасы, іскер басшы болған Нілзия Рахышева.
Ауданымыздағы қазіргі Жетібай ауылында 1944 жылы өмірге келген Нілзия Алғазықызы жоғарғы оқу орнын бітіргеннен соң алғашқы еңбек жолын 1967 жылы аудандағы мемлекеттік банктің несие бөлімінде инспектор болып бастады. Алғашқы күннен барлық колхоз-совхоздардың экономикалық көрсеткіштерін талдап, мемлекеттік несие алуда кетіп жатқан кемшіліктердің бетін ашты. Міне осындай білімділігі, өз ісіне деген алғырлығы арқасында бар болғаны 2 жылда аудандық жинақ кассасының басшылығына тағайындалды. Ол мұнда да жақсы қырынан танылып, 1970 жылы Свердлов аудандық атқару  комитеті төрағасының орынбасары, ал 1973 жылы аудандық партия комитетінің хатшысы қызметіне келді. Бар болғаны 29 жасар қаршадай қызға мұндай үлкен қызметтің сеніп тапсырылуы бекерден бекер емес еді. Ауданның бас идеологы атанған Нілзия тынбай еңбек етті. Осы жылдары ауданда «Қарлығаш» пионер лагері, 2000 орындық орталық стадион, аудандық мәдениет үйі салынып, «Шолпан» ансамблі ұйымдастырылса, онда Нілзия Алғазықызының қолтаңбасы бар. Сондай-ақ ескі паркті қалпына келтіріп, көріктендіру, аудандағы еңбегімен ел есінде жүрген Елена Свинковская,  Нұрмаш Түйтебаева, Дариға Жантоқова, Сындыбала Оңғарбаева, Александр Нахманович, тағы басқада еңбек озаттарының еңбектерін насихаттап, елге таныту жұмыстарын назардан тыс қалдырған емес.
Н.Рахышева екі жылдық жоғары партия мектебін бітіріп келген бетте Талас аудандық партия комитетіне хатшы ретінде қызметке кірісті. Онда 6 жыл еңбек етсе, өзінің 2 жылын Красногор аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметіне арнады. Қай қызметте болса да өзінің іскерлік қабілетін көрсеткен Нілзия Алғазықызына облыс басшылығы 1989 жылы Мойынқұм ауданын басқаруды сеніп тапсырды. Облыс орталығынан шалғай, табиғаты қатал бұл ауданда да ол жақсы қызмет етіп, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Осылайша облысымыздың төрт ауданының дәмін татып, басшылық қызметтерде болған Нілзия 1991-1994 жылдары Жамбыл облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, облыс әкімінің орынбасары тәрізді лауазымды қызметтерде болды. Мұнда да жемісті еңбек етіп, ел  есінде қалды. Өз өмірінің ширек ғасырға жуық уақытын Совет, партия жұмыстарына арнап, оның қызығын да, қиынында бастан кешірді. Ең бастысы қай қызметте жүрсе де өзі болған аудандардың экономикасы артып, халықтың жағдайын жақсартуға барынша үлес қосты. Жастар тәрбиесіне мән беріп, аудан, ауылдардың өсіп  көркеюіне септігін тигізді. Еңбек адамдарын үнемі қолдап, олардың еңбектерін насихаттап отыруды әдетке айналдырды. Олардың жоғары марапаттарға қол жеткізулеріне  ықпал етті.
Нілзия Алғазықызы 1994-1998 жылдары «Жилстройбанк» мекемесінде басшы болса, 2003 жылы «Ақбұлақ» атты қоғамдық бірлестігін ашты. Сөйтіп облыс аумағындағы экологиялық проблемаларды зерттеумен айналысуда. Азаматтық қоғам институтының өркендеуіне үлесін қосуда. Соңғы жылдары облыс көлемінде осындай бірнеше ұйым ашылып, олардың жұмысына ақыл-кеңесін беріп келеді. Ауыл тазалығына байланысты аудандағы «АЛДИ и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысы Жамалбек Есенқұловпен бірлесе жұмыс істеп, аудандағы барлық ауылдардың күл-қоқсытарын бір жерге (полигон) жинауға қол жеткізді. 30 гектар жерді алып  жатқан бұл серіктестіктің жұмысы бүгінде жүйелі жүріп, басқа аудандарға үлгі болуда.
Нілзия апайдың халықтың бірлігін сақтау жолында облыстан Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалын ашу туралы ұсынысы облыс басшылары тарапынан қолдау тауып, бүгінде нәтижелі жұмыс атқаруда. Облыстық әйелдер Кеңесінің құрылуына да ықпал етіп, өзі бірнеше жыл сол кеңесті басқарды. Бұл сияқты мысалдарды көптеп келтіре беруге болады.
Нілзия апай кешегі жекешелендіру кезіндегі бүлінген мемлекеттің дүниесіне қатты жаны ашыды. Сөйтіп, Сарыкемер ауылында жабылып, қирауға айналған ғимаратты алып, жекеменшік «Балапан» балабақшасын  іске қосты. Балабақша  төңірегіне 320 түп жеміс ағаштарын, бұлардан басқа 50-100 түп аралығында таңқурай,  қарақат, павловния, раушан гүлдерін отырғызған. Ал бұл аудандағы басқа да білім ошақтары, балабақшаларға үлгі болуда.
Н. Рахышеваның жарты ғасырдан астам уақыттан бері атқарып келе жатқан еселі еңбегі «Құрмет» ордені, «Шапағат» медалімен аталып өтілді. Сондай-ақ әртүрлі деңгейдегі Құрмет грамотасы, Алғыс хаттарға ие болды. Жамбыл облысының, Байзақ, Мойынқұм аудандарының Құрметті азаматы атанды.
Нілзия Алғазықызы-қолы ашық, жүрегі жомарт жан. Ол көбіне өзінің туып-өскен Мәдімар ауылына қамқорлық жасап отырады. Ауылдағы «Алғашқы механизаторлар» аллеясын ашып, онда ауылдан шыққан  бірнеше механизаторлардың суреттері мен еңбек жолдары жазылған. Бұл да ауыл жастары үшін тәлім-тәрбие алатын жақсы орындардың біріне айналып отыр. Сондай-ақ ауылға кіре беріске 270  түп қарағаш отырғызса, Кеңес орта мектебі ауласына алма ағашын, гүлдер отырғызды. Мұндай көмектер Тараз қаласындағы мектептерге де көрсетілгенін айта кеткен орынды.
Нілзия Рахышева облысымыздағы қазақтың қайсар қыздарының бірі. Бүгінде 80 жасқа толып отырсада, еңбектен қалған емес. Отбасындағы 3 қызынан 7 немере, 9 шөбере сүйіп отырған ардақты ананы мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, алда да бақытты өмір  тілейміз.

Сүндетулла Әбілов.