
Ерікті (волонтер) – латынның «voluntarius» сөзінен шыққан, адамның өз еркімен, өзінің есебі арқылы қоғамдық жұмыстарға белсенді араласушы деген сөз. Тағы бір мағынасы өзінің қалауымен әскерге барушы адам. Ал қоғамда олардың орны ерекше. Өйткені еріктілер жасаған жақсылықтары үшін өтемақы немесе материалдық қажеттілік талап етпейді. Олар көмектесуді парыз деп санайды. «Еріктілер деген кім, олар немен айналысады, олар не үшін мұндай жақсылықтарға барады?» деген сұрақтарға бүгін жауап іздейміз.
Еріктілердің өздеріне дәл осы сұрақтарды қойсаңыз, бірден жауап бере алмауы мүмкін. Себебі олар өздерінің қалауымен, жан қалауларымен жасап отырғаннан кейін бірден «ерікті деген мынау» деп жауап қайтара алмайды. Бір сөзбен айтқан кезде «еріктілер» адамгершіліктің ақ туын көтерген қоғамдағы белсенді топ. Еріктілер немен айналысады?
Еріктілер жалғыз өзі және топ болып жұмыс істейді. Ол өз еріктерінде. Олардың негізгі айналысатын жұмыстары жетімдерге, мүгедектерге немесе қарттар үйіне барып оларға қолдарынан келгенше көмек көрсету. Ал олардың белгілі бір мереке кезінде қоғамға мемлекет мүддесі үшін өз еріктерімен көмекке келуі де «ерікті» әрекеті саналады.
Қазақ тілінің сөздігіне бір үңілсеңіз, «ерікті» деген сөзге синоним болатын, балама ретінде «асар» сөзін алуға болады. Асар – ауыл-аймақ, көрші-қолаң болып белгілі бір мұқтаж жанға қолдарынан келгенше тегін көмек көрсету. «Асар» сөзі тіпті белгілі бір дәстүрге де айналып кетті. Сондықтан «ерікті» сөзін кейін пайда болған немесе жаңа заманның термині деп қабылдаудың қажеті жоқ. Өйткені қазақ халқында бұл сөздің түбірі баяғыдан бар.
Жастар Ресурстық Орталығы.