Еліміздің жарқын мерекесі Республика күніне орай, Темірбек ауылдық округіне қарасты Сарыбарақ елді мекенінде «Ардагерлер аллеясы» пайдалануға берілді.
Аталған аллеяның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Дулат Жақыпбеков, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев қатысып, «Туған жерге туыңды тік» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындары, осы топырақтың алыс-жақындағы түлектерінің демеушілігімен қолданысқа беріліп отырған аллеяның ашылуымен құттықтады.
Ауыл ажарын асқақтату мақсатында саналы азаматтардың бастамасымен қоғамдаса қаражат жинау нәтижесінде бой көтерген аллеяның негізгі нысаны – тұлғаларға арналған тұғыртасқа осы ұжымшардың тұңғыш «Комсомол» атауымен құрылуында алғашқы белсенділерінен бастап Ұлы Отан соғысына қатысқан барша ауыл ардагерлері, сонымен бірге, еңбек ардагерлері және Ауған соғысына қатысқан ардагерлердің есімдері қашалып жазылды. Аллеяның жалпы ардагерлерге құрмет есебіндегі мәні осында.
Жарқын іске үлестерін қосқан азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хаты, аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасы, ауылдық округ әкімінің Грамотасы мен Алғыс хаты табыс етілді. Айтулы шарада айрықша еңбек сіңіргендердің есімдері еленіп, Мақсат Аязбаевқа ауылдастары ат мінгізді, құрмет көрсетілді.
Ардагерлер аллеясындағы тұғыртастың пердесін аудан әкімінің орынбасары Дулат Жақыпбеков, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев, ауыл қариялары Нұрпейіс Байысбеков пен Елемес Есімов ашты. Ақ жаулықты әжелер шашу шашып, тұғыртасқа гүл шоқтары қойылды.
Шара соңында әруақтарға құран бағышталып, көпшілікке ас берілді.
«Ауыл жаңалығы» - ақпарат.