Ауыл ажарланып келеді

Ауыл ажарланып келеді

Тараз қаласы мен Сарыкемер  ауылы ортасындағы Үлгілі ауылдық округіне қарасты Үлгілі ауылы - аудандағы іргелі ауылдардың бірі. Ауыл тұрғындары халықтың табысын көтеріп, жағдайын анағұрлым  жақсартатын бүгінгі «Ауыл аманаты» жобасынан тыс қалмай мал, егін шаруашылығын қатар дамытып, өз шаруаларын тіктеп алған.
Аталған округтің әкімі қызметіне сайланған осы ауылдың тумасы Досмұратов Мейіржан Қалжанұлының бұл қызметке кіріскеніне жүз күн болды. Біз округ әкіміне жолығып, тиісті кезеңде қандай жұмыстар атқарылғаны жайлы сұраған едік.

-Мейіржан Қалжанұлы, сізді ауыл халқы өздері таңдап алды. Сіз келгелі ауылда қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы айтып берсеңіз?

-Осы  ауылда туып, өстік. Еңбек жолымды ауылдан бастап, аудандық мәдениет үйінде де қызмет еттім. Ауылдағы өзекті деген мәселелер маған жақсы таныс. Енді соларды рет-ретімен  шешіп, өз ауылыма қызмет етсем деймін.
Ауылда бүгінде 512 аулада 3442 адам тұрады. Ауыл халқы «Ауыл аманаты» жобасы аясында еңбек етіп, мал, егін шаруашылығы бойынша жұмыс істеп, өз жағдайларын біршама жақсартып алды. Ауылымыз ауданға да,  облыс орталығына да жақын болғанымен ауылдағы біршама әлеуметтік сала кешеуілдеп қалған тәрізді. Олай дейтінім осыдан екі жыл бұрын ауылдағы Үлгілі орта мектебі ғимаратына қосымша құрылыс қосылғанымен әліде осында оқып жатқан 689 оқушыға тарлық етуде. Мемлекеттік «Балбөбек» бақшасы 1968 жылы салынған. Онда 50 бала тәрбиеленуде. Бала санының өсуіне байланысты балабақша ғимараты да тарлық етеді. Алайда кейіннен үлкен жолдың бойынан жекеменшік 120 орындық «Нұрали» бөбекжай бақшасы 2018 жылы ашылып, жұмыс істеуде. Барлық ауылдарда салынып жатқан дәрігерлік амбулатория құрылысы бізге әлі жетпей дәрігерлер ауыл әкімшілігі ғимаратында қысылысып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының ауылдың аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлық шығарғанын білеміз. Міне осыдан бастап-ақ қазақтың құтты мекені саналатын ауылдарға деген қамқорлық бұрынғыданда арта түсті. Міне мұның игілігін бізде көріп жатырмыз.
Ауылымызға сырттан келіп, қоныстанушылар саны күн өткен сайын артуда. Оларды үймен қамтамасыз етуде оңайға түспей отыр. Ауылдың шет жағындағы 28,9 га алқабқа инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар жүргізіліп, 150 учаске беру жоспарланған. Бүгінде 14 үй салынып бітсе, 20 үйдің қабырғасы көтерілді. 25 жерге іргетас қаланса, 10 үй жеріне шағалтас төселініп қойылды.
Ауыл әкімдігі бойынша жер алу кезегінде 1207 адам тұр. Алайда 2022 жылдың сәуір айынан бастап жер кезегіне тұру eGov порталы арқылы электронды  түрде әркім өзі ЭЦП-сы арқылы тұрып жатыр. Ауыл халқы түгелдей көгілдір отынмен қамтылған. Өткен жылы ауылға ауызсу жүйесі тартылып, іске қосылды. Демеуші тарапынан шағын футбол алаңы соғылып берілді. Негізгі көшелер бұған дейін асфальтталған.Биылғы жылға келсек мемлекеттің «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында 59, 838 млн. теңгеге алты көше, бір бұрылысты орта жөндеуден өткізу жұмыстары басталып кетті. Жандос Әсілбеков басқаратын «Компания Инвест» ЖШС-і өздеріне қатысты 0,612 шақырым жолды орта жөндеуден өткізуде. Жаңадан төселген асфальтқа ауыл халқы қуанып жатыр. Ал Лямзер Тулебаев басқаратын «Рауан» ЖШС-і 4 көшенің 2,888 шақырым жолына шағал тастар төсеп, асфальттауда. Бұлардан басқа тағы 4 көшенің жолын орта жөндеуден өткізуге 8,268 млн. теңге бөлініп, бүгінде конкурс ойнатылып жатыр. Міне бұл көшелердің барлығы орта жөндеуден өз мезгілінде сапалы өтсе, ауыл іші біршама реттеліп қалады. Жұмыстың өз  уақытында сапалы орындалуын ауылдағы қоғамдық ұйым мүшелері қадағалап отырады.

-Ауыл көшелерінде біраз уақыт болды көше жарығы жанбай тұр. Мұның да себебін білсек?

-Оның басты себебі-ауыл  көшелеріндегі ағаш бағаналар ескіріп, тозған. Оларды цемент бағаналармен ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Бұған мемлекеттен 14,298 млн. теңге  бөлінген. Бұл жұмыспен «Алира-сервис» ЖШС айналысуда. Олар ауылдағы ең үлкен Жақыпбай көшесіндегі бағаналарды алдымен ауыстырып, олардың әрқайсысының жоғарғы жағына жаңа үлгідегі жарық шамдарын орналастырды. Бүгінде бұл көшенің жарықтары жанып тұр. Ал бағана ауыстыру жұмыстары Исмайлов көшесінде жалғасуда. Осы жерде массив Үлгілідегі екі көшеге алғаш рет жаңадан бағаналар тартылып, осы тұсқа бір тоқ тарату трансформаторы қойылды. Сондай-ақ Жақыпбай көшесі алтыншы бұрылыста да жарықтың төмен болуына байланысты жаңа трансформатор қойылды. Бұл жұмыстарда қадағалануда.

-Мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория, клуб жұмыстарымен де таныса кетсек?

-Жоғарыда айтылғандай мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулаториялардың ғимараттары тарлық  еткенімен жұмыстары жүйелі жүруде. Маман тапшылығы жоқ. Оқушылар сапалы білім, саналы тәрбие алуда, бүлдіршіндер дұрыс тәрбиеленуде. Ауылдағы ақ халатты абзал жандар жұмысына да ауыл халқы дән риза. Ауылдық клубта бірнеше, үйірмелер жұмыс істейді. Клуб  меңгерушісі басшылығымен әжелер ансамблі, ауыл, мектеп  өнерпаздары  мереке кездерінде өз өнерлерін көрсетіп отырады.

-Халыққа қызмет ететін басқа да құрылымдар туралы не айтасыз?

-Ауылда халыққа қызмет көрсететін 4 азық-түлік дүкені, 1 шаштараз, 2 тігін цехы, бір монша жұмыс істейді. Біздің қоғамдық ұйым мүшелері дүкендегі бағалардың жоғары болмауын, мектептегі бастауыш сынып оқушыларына берілетін тағамдардың сапалы болуын қадағалап отырады. Сондай-ақ жастар арасындағы тәрбие жұмыстарына да ден қоюда.

-Ауылдағы көпшілік үшін жаңадан соғылып жатқан құрылыстар туралы да айтып берсеңіз?

-Ауыл жастары өз күштерімен 500 орындық мешіт соғып жатыр. Мешіттің жанында 25 балаға арналған медресе, 120 орындық қатымхана, автотұрақ қатар соғылуда. Ауылымыздан шыққан азамат, аудандық мәслихаттың депутаты Алтынбек Жамишжанов 120 орындық жекеменшік балабақша соғып жатса, тағы бір кәсіпкер фитнес орталығын бастады. Ал аудандық бюджеттен бөлінген 5,768 млн. теңгеге Данияр Орманов басқаратын «Дарын –Газстройгруп» ЖШС ауылға кіреберіс жол бойынан ауыл азаматтарының бірмезгіл  демалулары үшін аллея соғып жатыр. Ауыл жастарының демеушілігімен ауылға кіреберіске ауыл аты жазылған қақпа соғуда жоспарда бар. Міне бұлар түгелдей соғылып, пайдалануға берілсе ауыл ажарын аша түсетін болады, әрі халыққа қызмет етеді.

Біздегі тағы бір өзекті мәселе - ауыл балалары ойнайтын алаңқайлар жоқ. Соғуға ауыл ішінен жер таппай отырмыз. Алдағы уақытта бұл мәселенің де шешімін тауып, жас жеткіншектер үшін ойын алақшаларын соғатын боламыз.

-Ауылдағы Жақыпбай және Исмайлов көшелері ең үлкен, орталық көшелер болып есептеледі. Алайда басқа көшелердің барлығы осы екі көшенің бұрылыстары болып аталады. Оларға басқа атау беруге болмай ма?

-Сіз дұрыс айтып отырсыз. Қазір ауыл халқының көбеюіне байланысты жаңа көшелер пайда болуда. Бүгінде ауылда 18 көше бар. Олардың үш-төртеуі мағынасы ескірген атауларды иеленсе, қалғандары бұрылыстар екені рас. Осыдан екі жыл бұрын бұрылыстарға жаңа атаулар беріліп, құжаттары тиісті орындарға жіберілген екен. Алайда сол дайындалған құжаттардан қате кетіп, көше аттары ауыстырылмай қалыпты. Бұл мәселені біз қайта қолға алдық. Жыл аяғына дейін көше атаулары ретке келтіріліп қалады.

-Қала мен аудан ортасында тұрған ауылда интернеттің жоқтығы халықтың наразылығын тудырып келе жатқанын жақсы білеміз. Бұл мәселе қалай, қашан шешіледі?

-Бұл шындығында да ауыл халқы үшін ұят болып тұр. Алайда аудан басшыларының араласуымен бұл мәселені шешу жұмыстары жүргізілуде. Көктемде цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин облысқа келген сапарында аудан, облыс басшыларының ықпалымен ауылға келіп, халықпен кездесті.  Ауыл халқына биыл интернет болатындығы туралы айтып, қуантқан еді. Жауапты азаматтарға нақты тапсырмалар берген. Содан бері «KSELL» интернет желісі қондырғысы Жақыпбай көшесінің жоғарғы жағына орнатылды. «Beeline» интернет байланыс желісі қондырғысын Исмайлов көшесінің бұрылысына жеке кәсіпкер Ерлан Нұрбеков орнатты. Енді Исмайлов көшесінің бойына «Tele-2» интернет байланысы желісін орнатуға жобалық-сметалық құжаттары даярланып жатыр. Мамандардың айтуы бойынша алдағы екі ай көлемінде ауылда интернет болады деп айтуға негіз бар.

- Әңгімеңізге көп рахмет!

Әңгімелескен Сүндетулла ӘБІЛОВ.
Үлгілі ауылы.