Сенат депутаты аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті

Сенат депутаты аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков ауданымызға жұмыс сапарымен келді. Халық қалаулысы «Amanat» партиясы аудандық  филиалында аудандық мәслихаттың депутаттарымен кездесті.
Кездесуді аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев ашып, аудандық мәслихаттың атқарып отырған жұмысы туралы қысқаша хабарлама жасады. Әртүрлі партиядан сайланған депутаттар туралы ақпарат берді.
-Өздеріңіз білетіндей Сенаттың міндеті сапалы заңдарды қабылдап, бюджетті бекіту болып табылады. Депутаттар арасында белсенділік өте жоғары. Біз заң қабылдап, бюджетті бекітер кезде әрбір аймақтармен байланысып, күрделі деген мәселелерге баса назар аударатын боламыз. Мәселен, биылғы жылдың 29 наурызы мен 30 маусымы аралығында 25 заң қабылданды. Олардың ішіндегі елімізден сыртқа заңсыз шығарылған активтер мен қаражаттарды қайтару, Семей полигонына байланысты 18 мың шаршы шақырым жерлерден ауыл шаруашылығына біраз жерлерді қайтарып алу, 2024 жылдан бастап 18 жасқа дейінгі  балаларға есепшоттар ашып, Ұлттық қордан ақша аудару, тағы басқа да бүгінгі күні өзекті болып отырған мәселелерге байланысты қабылданған заңдар бар. Қажеттілікке байланысты кейбір заңдарға өзгерістерде енгізілуде.
Ал Жамбыл облысына келетін болсақ бүгінгі ең үлкен проблема егін суының жетіспеушілігі  болып отыр. Қырғызстанмен келісім болғанымен су аз. Мұны шешудің бірден-бір жолы су қоймасын жасау деп білемін. Аудандарыңызда көптеген жақсы жұмыстар жасалуда.  Аудан әкімі Бақыт Қазанбасовтың басшылығымен аса қажетті деген жерлерге қаржы сұрауда заң шеңберінде тиісті құжаттармен заңдастырылып, сапалы жасалған жобалар ұсынылып жатады. Сондықтанда ауданға қаржы уақытында қаралып, тиісті жұмыстар уақытында атқарылуда. Мемлекет тарапынан «Ауыл-ел бесігі» жобасы бойынша көптеген қаржы бөлінуде. Мемлекет басшысы тарапынан білім, денсаулық, басқа да әлеуметтік салаларға да көп қаржы берілуде. Сіздердің өз сайлауалды бағдарламаларыңыз, халық алдында берген уәделеріңіз бар. Оны ұмытуға болмайды. Сондай-ақ мемлекет тарапынан беріліп жатқан қаржының тиімді пайдаланылуын қадағалап отырғандарыңыз дұрыс болады.
Бізден көмек сұрап келгенде заң шеңберінде, тиісті құжаттарымен заңдастырылған жобалар уақытында бізге жетсе оған көмектесуге болады,-деді Сенат депутаты Бекболат Серікбекұлы.
Кездесуде аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев, депутаттар Мырзағали Мәдімаров, Құралай Үкібаева, Асылбек Жантаевтардың аудандағы ішкі істер бөлімі, сот, прокуратура тәрізді мекемелерге аудандық бюджеттен қаржы қарастыру тетігі, қант қызылшасына субсидия беріп, оны өткізу жолдары, «Жайлы мектеп» соғуды жалғастыру, жас мамандарға «Дипломмен- ауылға» бағдарламасы бойынша берілетін қаржыны көбейту, аса ауыр салмақты жүк көліктерінің жолдарда жүру тәртібіне байланысты қойған сұрақтарына  Сенат депутаты Б.Орынбеков тарапынан жауап берілді.

Сүндетулла ӘБІЛОВ.