Жарты ғасырлық тарихы бар білім ордасы

Жарты ғасырлық тарихы бар білім ордасы

Жас ұрпақтың жүрегіне ыстық сағыныш ұялатып, білім мен тәрбие нұрын таратумен келе жатқан білім ұясы мектеп екені даусыз. Тарихы сонау 1973 жылдан бастау алатын білім ордасына биыл міне – жарты ғасыр.

 

Қойнауында талай тарихты бүгіп жатқан Түймекент ауылдық округі, Ақжар ауылы, С. Сейфуллин атындағы орта мектебі осы жылдар ішінде мыңдаған шәкірттің жүрегіне нұр құйып, түлетіп ұшырды. Солардың жеткен жетістіктері, шыққан биіктері, атқарған игі істеріне сүйсініп, мақтанып жүрген жайы бар бүгіндері.

Игі шарада айтылған естеліктер, жылы лебіздер, пікір алмасулар легі еш толастамады. Бүгінгі таңда, еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салада еңбек етіп жүрген мектеп түлектері де, ардагер ұстаздар да төрден табылды.

Кездесу домбырашылардың күмбірлеген күйімен бастау алып, ортаға 50 жылдық түлектер шақырылды. Оларды 1-сынып оқушылары сыйлықпен қарсы алды. Сондай-ақ, осы мектепте ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагерлерге де құрмет көрсетілді. Ардагер-ұстаз Айтмахан Тышқанбаев мектеп тарихынан сыр шертті.

Аталған мерейтойда аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Ж. Құмғанбаев, Келісім кеңесінің төрағасы Қ. Оралов, ардагерлер кеңесінің төрағасы С. Ермеков, аудан әкімінің орынбасары Т. Жамалов, аудандық мәслихат аппаратының басшысы И.Сәлімбаев, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы С.Иманова, Байзақ ауданы білім бөлімінің басшысы Н. Мамырбаев қатысып, өздерінің жүрекжарды жылы лебіздерін жеткізді.

Үлкен мән мен мағынаға толы шара барысында осы ауылдан шыққан ауданның Құрметті азаматтарына арналған арнайы бұрыш ашылды. Онда осы ауылдың тумалары, аудан, облыс, тіпті республика көлемінде танымал болған Талас Омарбеков, Әділ Дүйсенбек, Тәуірбек Әшімов, Қылышбай Ахметов, Қыдырәлі Оралов, Болат Ахметовтің портреттері ілінген. Арнайы бұрыштың лентасын Қоғамдық кеңестің төрағасы Жұманғали Құмғанбаев пен ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков кесті. Осы тәрбиелік мәні зор бастаманы аудандық ардагерлер кеңесі жүзеге асыруды қолға алғанын айта кету ләзім. Алдағы уақытта мұндай Құрметті азаматтарға арналған бұрыштар барлық білім беру мекемелерінде ашылатын болады.

Сондай-ақ, заманауи үлгіде жабдықталған «География» пәні кабинетінің лентасы да қиылды. Ұлы Отан соғысының батыры, ардагер-ұстаз Үмбетқұл Жиенбаев атындағы «География» кабинетінің лентасын аудан әкімінің орынбасары Талғат Жамалов пен Байзақ ауданы білім бөлімінің басшысы Нұрболат Мамырбаев қиды. Кабинетті жабдықтауға Үмбетқұл атаның ұрпақтары демеушілік көрсетіп, өз қаражаттары есебінен жүзеге асырып отыр. Шара барысында М.Джуматаев атындағы "Үздік математик - 2023" мектепішілік математикалық олимпиадасының қатысушыларына да құрмет көрсетілді. Олимпиадаға Жұматай ақсақалдың немересі Данияр Мақсатұлы екінші жыл қатарынан демеушілік көрсетіп келеді. Соңғы жылдары білім ордасындағы «Математика» пәніне деген оқушылардың қызығушылығы өте жоғары. Жүлде қоры 500 000 теңгені құраған олимпиада нәтижесінде 1 орынға 100 000, 2 орынға 70 000, 3 орынға 50 000 теңгеден және ынталандыру ретінде 3 оқушыға 10 000 теңгеден қаржылай сыйлықтар берілсе, мектеп ұжымына ұйымдастырғаны үшін 150 000 теңгенің сертификаты табысталды. Мектеп директоры Ерлан Абдикаримов барша қатысушыларға ризашылығын білдірген соң, кеш қонақтары мектепішілік музейді аралап, естелікке суретке түсіп жатты. Соңынан Ақжар ауылының мешітінде құран аяттары оқылып, ас берілді.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ.