Өсіп, өркендедік

Өсіп, өркендедік

Қойнауына құт дарыған, бірлігі бекем Байзақ батыр есімін иеленген ауданның шаңырақ көтергеніне  биыл 85 жыл толып отыр.
Ауданымыз құрылған жылы Абай ауылына қарасты Ақтөбе бөлімшесінде дүниеге келдім. Міне содан бері 85 жыл өмірім ауданмен бірге өтіп келеді.
Балалық шағым Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келді. Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарында мектепте білім алдым. 1956 жылы темір тұлпардың руліне отырып,  зейнетке шыққанша шаруашылықтың науқандық жұмыстарының бел ортасында болдым.
Көп жылғы еңбегім үшін “Еңбек Қызыл Ту” орденімен, “Достық”, “Еңбектегі ерлігі үшін”, Лениннің 100 жылдығы, Тыңның 40 жылдығы, тағы басқа да көптеген медальдармен марапатталдым.
Қазіргі таңда зайыбым Күлдана  екеуміз 5 ұл, 4 қыз тәрбиелеп, олардан  23 немере, 15 шөберенің қызығын көріп отырмыз.
Уақыт  шіркін жүйрік қой. 85 жылдық тарихы бар ауданмен бірге жасап келе жатқан менің қатарларым да сиреп қалды. Соған қарамастан жасарып, жаңарған ауданымызды, ауылымызды көріп марқайып қаламын.
Тәуелсіздік жылдары ауданымыздың экономикасы өсіп, халықтың саны өсті. Алыс-жақыннан қандастарымыз атамекеніне көшіп келді. Әлеуметтік салада да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізілді. Жыл сайын әлеуметтік нысандар салынып, көшелер жөнделіп, халықтың әл-ауқаты жақсарып келеді. Аудан халқының жеткен жетістігі аға буынға үлкен қуаныш сыйлайды екен.
Тағылымды тарихы бар ауданның құрдасы болғанымды, әрі саналы ғұмырымды ауыл шаруашылығына арнап, өңіріміздің өркендеуіне үлес қосқанымды мақтан тұтамын.

Баятан Игенбаев,
еңбек ардагері.
Сазтерек ауылдық округі.