Аудандық өрт сөндіру және Төтенше жағдайлар бөлімі өзінің қызметінде «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын, Үкіметтің Қаулыларын, ҚР ішкі істер министрлігінің бұйрықтарын басшылыққа алып отырады.
Жыл басынан бері аудан аумағында 41 өрт оқиғасы (2021 жыл - 35) тіркелді. Материалдық шығын 1 млн. 055 мың теңгені (2021 жылы 789 000) құрады. Өрттердің саны өткен жылмен салыстырғанда 17,1 % пайызға төмендегенімен, материалдық шығын 1,5 есеге өсіп отыр. Өрт кезінде қайтыс болған адамдар тіркелген жоқ.
Өрттің және табиғи газбен уланудың алдын алу, адам өліміне жол бермеу мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтқанда, аудан тұрғындарымен қыс мезгіліндегі жылыту маусымында өрт қауіпсіздігі мен ережелерін қатаң сақтау бойынша әңгіме, жиын, кездесулер ұйымдастырылды. Тұрғындарға тез тұтанғыш материалдарды пештің жанына қоймау, электр желілерін уақытылы тексеріп отыру, тұрмыста газды дұрыс пайдалану бойынша үгіт-насихат парақтары таратылды. Жем - шөп сақтайтын, халық жаппай жиналатын орындарда, автокөлік иелерімен өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауды көздеген түсіндіру жұмыстары, жылыту маусымы кезеңінде тұрғын үй секторында өрттер мен жарақаттануды, улы газбен улану оқиғаларының алдын алу, улану кезіндегі іс-әрекеттер жөнінде үгіт – насихат жұмыстары жүргізілді.Жүргізілген түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында аудандық «Ауыл жаңалығы» газетінде 71 мақала, әлеуметтік желі парақшасына 79 ақпарат жүктелді.
Ағымдағы жылдың 9 айы ішінде аудандық Төтенше жағдайлар және №8 Өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері жергілікті полиция, білім беру мекемесі, жұмыспен қамту орталығы, жергілікті атқарушы органдармен, жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызметкерлерімен бірлесіп, 27648 (2021 жылы-17 262) тұрғын үйді аралап, 73586 (2021 жылы-46 325) тұрғын үйлердің иелеріне қысқы мал азығын сақтау кезінде қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін, тұрғын үй-жайларда жылу беру пештері мен газ баллон қондырғыларын орнату және ұстауы кезіндегі талаптарды сақтау ережелері бойынша түсіндірме шараларымен қатар жадынамалар таратылды.
Орын алған өртке талдау жасау барысында өрттің басым көпшілігі тұрғын үй секторларында орын алатындығы анықталды. Негізінен өрттің шығуы тұрғындардың от қолданудағы ұқыпсыздықтары, электр құралдары мен қондырғыларының ақаулығы және қолдану кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережесінің бұзылуы, пеш мұржасы мен пештің ақаулығы, балалардың отпен ойыны секілді себептерден орын алған. Сонымен қатар мас күйінде темекі шегу де өрттің шығуына себепші болатындығы және мұндай өрттердің соңы адам өліміне әкелетіндігі айдан анық.
Улы газбен уланудың себептері әртүрлі. Бірақ ең көп тарағаны - пеш қондырғылары және газ баллондарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауынан туындап жатады. Осы жағдайдың алдын алу мақсатында тұрғын үйлер секторын аралау кезінде тұрғындарға газ баллондарын, табиғи газбен және қатты отынмен жанатын пешті дұрыс қолдану ережелері және қауіпсіздік шараларымен құлақтандырдық. Түрлі тақырыптарда жадынамалар, ескертпелер үлестірілді. Мәселен, тұрғындармен 134 (2021 жылы – 83) кездесулер өткізіліп, оған 4 438 (2021 жылы – 2 752) адамдар қатысты. Үгіт-насихат шараларында өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндіріліп, профилактикалық жұмыстар атқарылды.Ағымдағы жылдың 9 айында аудан аумағында улы газбен улану дерегі тіркелген жоқ.
Бұдан бөлек, аудан әкімдігінің білім бөліміне қарасты жалпы білім беретін мектептер мен гимназияларда, балабақшаларда «Өрт қауіпсіздігі», «Судағы қауіпсіздік», «Пластиктің халыққа тигізетін зардаптары», «Жер сілкінісі кезіндегі іс-әрекеттер», «Балалардың отпен ойнауы», «112-101» қызметінің нөміріне жалған ақпарат бермеу» тақырыптарында 32 «online» дәріс өткізілді. Айтулы шараға 44 мектеп, 18 балабақша, жалпы саны 2 691 балалар және оқушылар қамтылды.
Сондай-ақ, жергілікті полиция қызметімен бірлесіп көп қабатты тұрғын үйлердің иелерімен өткізілген 122 рейдтік іс-шараларға 2 792 адам тартылды. Осындай профилактикалық жұмыстар жүйелі жүргізіліп, жыл бойы жалғасатын болады.
Азаматтық қорғау органының қызметі туралы ақпараттандыру мақсатында, сондай-ақ ұйым жетекшілерімен және тұтынушылармен мемлекеттік өрт бақылау бойынша лауазымды тұлғаларымен үнемі өзара әрекеттестік орнату мақсатында «Автокөліктердегі өрт қауіпсіздігі», «Жем-шөп сақтайтын орынды ұстау тәртібі», «Балық аулау кезіндегі қауіпсіздік шаралары», «Тұрғын үй секторлары және көп қабатты үйлердегі өрт қауіпсіздігі», «Улы тұншықтырғыш газдан сақтану» тағы басқа да өзекті тақырыптарында түрлі форматта іс-шаралар, ал сауда үйлері, базарлар, жеке кәсіпкерлерімен, газ шаруашылығы, жобалау ұйымдары, көліктік инфрақұрылым өкілдерімен және жемқорлық құқық бұзушылық әрекеттерінің жолын кесу мәселелері бойынша 9 дөңгелек үстел отырысы өткізілді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жоспарына сәйкес, оқыс жайттардың алдын алу және қатерден сақтану, сондай-ақ КТИ-ға оқуға түсуші үміткерлерді анықтау үшін аудан аумағындағы 40 білім беру ошақтарына дәрістер жүргізіліп, оған 1000 жуық оқушы қатысты. Азаматтық қорғау қызметінің беделін көтеру мақсатында өткерілген шаралар нәтижесін беруде.
Аудан аумағында өрттердің алдын алу және сөндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, 2022 жылғы 28 оқу-жаттығу өткізілді.Жалпы оқу жаттығуға 5900 адам қатысып, 2 техника жұмылдырылды.
Апат айтып келмейді.Сондықтан жылыту маусымы кезеңінде өрт қауіпсіздігін сақтау, қауіптің алдын алу баршамызға жүктелген міндет екенін естен шығармағанымыз абзал. Өйткені елдің амандығы мен қауіпсіздігі, сіздің, отбасыңыздың амандығы.Сол себепті әрбір адам қауіпсіздік шарасын сақтауды өзінен бастауы қажеттігін, немқұрайдылық орны толмас өкінішке әкеліп соқтыратынын қаперіне алып жүрсе нұр үстіне нұр болар еді.
Ең бастысы “сақтансаң сақтайды” деген қағиданы ұстанып, сақтықты ұстанып, өзімізге сақ болайық.
Болат Амиралиев,
аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры.