Волейболдан облыстық ашық турнир

Волейболдан облыстық ашық турнир

Спорт – денсаулық кепілі, денсаулық - өмір тірегі, спорт – достықтың алтын көпірі. Бурыл ауылында Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының №11 балалар- жасөспірімдер спорт мектебінің спорт кешенінде ауданда бұқаралық спортты, ауданда ардагерлер волейболын және ардагерлерді спортқа тартуды дамыту мақсатында, спорт ардагері Шоқан Мекебаевтың жүлдесіне арналған волейболдан ардагерлер арасындағы облыстық ашық турнирі өз мәресіне жетті.
Жарысқа Алматы қаласы, Алматы облысы, Жамбыл, Жуалы, Меркі, Т.Рысқұлов, Сарысу, Талас және Байзақ аудандары мен Түймекент, Бурыл ауылдық округтерінің құрама командалары қатысты.
Шараның салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерік Мамадияров құттықтау сөз сөйлеп, аудан әкімі атынан Алғыс хат пен «Байзақ ауданының спортына қосқан үлесі үшін» төсбелгісін табыстады. Сондай-ақ Шоқан Аязбекұлының бауырлары Нұрлан мен Бақыт, ардагер ұстаздар Болат Жылысбаев, Жұмағали Мәдімаров, Жанатбек Тұрғынбаев, Шары Абдурасилов ретімен сөз алып, жүрекжарды жылы лебіздерін білдірді.  Қазақстан Республикасының мемлекеттік Гимні шырқалып, турнир төрешілері таныстырылды.
Командалар үш топқа бөлініп, өзара мықтыны анықтады. Іріктеу ойындарының қорытындысы бойынша Меркі, Байзақ аудандары және Манас ауданы (Талас облысы, Қырғызстан Республикасы) өз топтарының жеңімпаздары атанып, финалдық кезеңге шықты.
Финалдық ойындарда қарсыластарына дес бермеген Байзақ ауданының ардагерлер құрама командасы турнирдің жеңімпазы атанса, Меркі ауданы екінші орынға ие болды. Жүлделі үшінші орынды Қырғызстанның елінен Талас облысы, Манас ауданынан келген команда еншіледі.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Кубок, медальдар, дипломдар, бағалы және қаржылай сыйлықтар табыс етілді.

«Ауыл жаңалығы» - ақпарат.