Жан жақты көмек көрсетіледі

Жан жақты көмек көрсетіледі

Ағымдағы жылдың 25 қарашасынан 10 желтоқсан аралығында республика аумағында «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» атты акция өтуде.
Акцияның мақсаты-жұртшылықты отбасы-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылық профилактикасы, оның жолын кесу бойынша қабылданған шаралар туралы кеңінен ақпараттандыру.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық дегеніміз не?
Бұл отбасы мүшесінің басқа отбасы мүшесіне, сонымен қатар, үй, пәтерде бірге тұрып жатқан адамға немесе бөлек тұрып жатқан бұрынғы күйеуі не әйеліне көрсетілетін зорлық-зомбылық немесе қысым болып табылады.
Тұрмыстық қысым көбінде өзара жақын адамдар арасында, яғни, әйелі мен күйеуінің немесе балалары мен ата-аналарының арасында  орын алады.

Зорлық-зомбылық түрлеріне қарай:
- физикалық зорлық (жәбірленушіге қол көтеру немесе т.с.с тәндік жарақаттар, үйден қуу);
- психологиялық (сөзбен немесе эмоционалдық қысым көрсету);  
- экономикалық (есепшоттарды төлеуден бас тарту, жұмыс істеуге рұқсат етпеу, өзі жанұясын асыраудан бас тарту) болып бөлінеді.

Зорлық-зомбылықтың құрбаны болған жағдайда не істеу керек?
Ең алдымен өзіңіздің және балаларыңыздың құжаттарын және неке туралы куәлікті, басқа да қажетті қағаздарыңызды, қажетті мөлшерде ақша, киімдеріңізді өзіңізге алуға оңай болатындай қауіпсіз жерге дайындап қойыңыз. Қауіп төнген жағдайда қажетті құжаттарыңыз бен заттарыңызды алып кетуді ұмытпаңыз.
Егер сіз зорлық-зомбылыққа ұшыраған болсаңыз, ең алдымен полиция бөліміне хабарласыңыз! Дене жарақатын алған жағдайда полиция қызметкерлерінен сот-медициналық сараптамадан өту туралы қаулыны немесе дәрігерден жарақатыңызды растау туралы анықтаманы алуды ұмытпаңыз. Өзіңіздің зорлық-зомбылық қысымына ұшырағаныңыз жайлы жақын адамдарыңызға хабарлауға ұялмаңыз!

Біз сізге әрдайым көмектесуге дайынбыз:
Әйелдерге арналған дағдарыс орталығы- бұл отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдерге психологиялық, әлеуметтік бейімденуіне көмек беруге және жеке басының мәселесін шешуге мүмкіндік алатын орын. Орталықта арнайы мамандар
- әлеуметтік - тұрмыстық;
- әлеуметтік - медициналық;
- әлеуметтік - психологиялық;
- әлеуметтік - құқықтық бағыттары  бойынша қызмет көрсетіледі.

Біз сізге:
• өзіңізді қауіпсіздікте сезінуге;
• өз болашағыңызды ойлауға;
•тиімді шешім қабылдауды   үйренуге;
• өз құқығыңызды қорғай алудың жолдарын үйренуге;
• кез келген мәселені шешуге мүмкіндік туғызамыз.
Егер сіз отбасындағы мәселені шешудің жолын білмесеңіз, сіз әрдайым келесі сенім  телефондарына  хабарласа аласыз:
Байзақ аудандық полиция бөлімі 4-04-12,  ұялы телефон байланысы арқылы (ақысыз), “102” (тәулік бойы).
Республикалық сенім телефондары: 150, 111;
“Жамбыл облыстық қиын өмірлік жағдайға түскен әйелдерге арналған дағдарыс орталығының” сенім телефоны: 8 (7262)  45-59-57  (әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультанттар тәулік бойы жұмыс жасайды  және анонимді).
Сіз орталықта болу кезінде әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандар қиын сәтте қолдау көрсетеді.

Марал Аимбекова,
Байзақ АПБ әйелдерді зорлық- зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы.