АТА ЗАҢ - АЙБЫНЫМ

АТА ЗАҢ - АЙБЫНЫМ

Ата Заң - халқымыздың ғасырлар бойы тәуелсіз ел болуын көксеген армандарын жүзеге асырған, мемлекеттігіміздің алтын қазығы, қазақстандықтардың тең құқықтары мен мүмкіндіктерінің кепілі болып табылады. Еліміздің әрбір азаматы Конституцияның асқақ рухы мен маңызын, тарихын жақсы білуі тиіс. Ата Заңымызды құрметтеу, ондағы қағидаларды бұлжытпай сақтау арқылы және оның тарихы мен маңызын жетік білуіміздің арқасында біз өз елімізді, тарихымызды, құндылықтарымызды құрметтейміз және еліміздің дамуына, қоғамдық келісімге, бейбітшілік пен тыныштыққа қол жеткізе аламыз.
Мемлекеттің басты байлығы - адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Тәуелсіз елімізде адамдардың өсіп-өркендеуіне, өмір сүруіне, білім алып, демалуына, сөз бен шығармашылық еркіндігі, жеке басының бостандығы, ар-ожданының қол сұғылмауына, сот алдында құқықтарының тең болуына барынша кепілдіктер берілген. Конституция-біздің басты құндылықтарымызды, Тәуелсіздікті, бейбітшілік пен тұрақтылықты ғасырларға бекітті.
Конституция қағидалары толықтай елімізді демократияландыруға, экономикалық өрлеуге, халықаралық деңгейде өсуге, ішкі деңгейді әлеуметтік, саяси-құқықтық тұрақтылыққа, ауызбірлікке шақырады.
Тәуелсіз еліміздің бір бөлшегі саналатын Байзақ ауданында 100 мыңнан астам халық, 30-дан астам этнос өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде. Жыл өткен сайын  халықтың әл-ауқаты жақсарып, ауылдарымыз көркейіп, ұлтаралық татулығымыз нығая түсуде. Еліміздің үкілеген үміті - жастарымыз  өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлестерін қосуда. Кәсіпкерлік өркен жайып,  егін  және мал  шаруашылығы дамуда. Осы жетістіктеріміздің барлығының негізгі діңгегі Ата Заңымызда жатқаны рас.
Дүние жүзіндегі елдердің барлығында мемлекеттік басқару тетігі Конституция негізінде және соның аясында жұмыс істейді. Бұл кез келген құқықтық мемлекеттің басты өмірлік нормасы болып табылады.
Халқымыз – мемлекеттің ең басты байлығы болса, Ата Заңымыз-айбынымыз. Ағымдағы жылдың 5 маусымында Ата Заңымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, референдумда  қабылданды. Бұл өзгерістер мемлекетіміздің дамуына, халықтың әл-ауқатының  жақсаруына ықпал етеді деп сенеміз.
Ата Заң қабылданған күн бүкілхалықтық мерекеге айналған. Айтулы мереке қарсаңында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, қоғамның осал  топтарына  көмектер көрсетіледі. 
Ел тірегіне айналған Ата Заңымыздың айбыны әркез асқақтай берсін!

Жансая МУРАТОВА,
аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің заңгері.