АТА ЗАҢ - ТІРЕГІМІЗ

АТА ЗАҢ - ТІРЕГІМІЗ

 

Халқымыз үшін аса қастерлі мереке саналатын Конституция күнінің өмірімізде алатын орны үлкен. Мемлекетіміздің құқықтық негізін айқындаған Негізгі Заңымыздың қабылданғанына  ағымдағы жылдың 30 тамызында 27 жыл толғалы отыр.
Қазақстан Республикасының Конституциясы: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз» деген сөздермен басталған.
1995 жылы Қазақстан халқы Конституцияға бірауыздан дауыс бере отырып, еркіндікті, дамуды және басты құндылығы адам, оның өмірі, құқығы мен бостандығы болып табылатын шынайы демократияны таңдады.Конституцияның 3-бабының 1-тармағында мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы - халық делінген. Бұл конституциялық норма Қазақстанның халықтық мемлекет екендігін көрсетеді. Халықты жоғары биліктің иесі ретінде тану - ел тәуелсіздігінің көрінісі. Ең бастысы бұл құжат өзінің нормалары мен принциптерінің көмегімен ғана емес, бекітілген идеялары арқылы да қоғам мен мемлекетті өркениетті елдердің қатарына жетелейді. Сондықтан, ел болу жолындағы басты міндеттердің бірі - Конституцияның құрметін арттыру болып табылады.
Еліміздің өркендеу жолына түсуіне қазіргі қолданыстағы Конституция жасаған ықпалы өте зор. Бүгінге дейінгі саяси, экономикалық және қоғамдағы жетістіктердің барлығы осы Конституцияның арқасы десек артық болмас. Өйткені Ата Заң басқа барлық заңдардан жоғары күші бар заң. Ол мемлекеттегі әрбір адамның еркін, тең, азат, бақытты өмір сүруі үшін соны қамтамасыз ететін, іс-әрекеттерін, құқықтарын айқындайтын, мүдделерін, меншіктерін қорғайтын заң болып табылады.
Конституцияға сәйкес, қылмыстық өндіріске тартылған азаматқа қатысты бұлтартпау шарасын қолдану әрекеті соттың санкциялауы арқылы жүзеге асырылады. Бұл деген мемлекеттің адам құқығын қорғау төңірегіндегі жалпыға танымал стандарттарға жақындауы деп білу дұрыс болар.
Бүгінгі күні елдегі сот жүйесі Конституцияға сәйкес, әрі қарай дамуға бағытталған шараларды жүзеге асырып жатыр. Қазір сот жүйесі қоғамның тұрақты, сенімді құқықтық кепілдігіне айналды деп айтуға толық болады.
Сот үш биліктің біреуі болғандықтан Конституцияның 75 және 76-баптарында соттар және сот төрелігіне қатысты айтылған. Онда Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады және Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Республиканың Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды  делінген.
Ата Заңның 3 - бабында мемлекеттік биліктің бірден - бір бастауы - халық деген сөздерін назарға ала отырып, Ата Заңымыз ел игілігіне жұмыс жасайтынына біз сенеміз. Өйткені, елдің жеткен биігі - біздің жетістігіміз.
Құрметті жерлестер! Баршаңызды Конституцияның 27 жылдығымен құттықтаймын! Бейбіт ел болып, береке - бірлігіміз арта берсін! Тәуелсіз еліміз өркен жайып, мемлекетіміз молшылыққа, әрбір шаңырақ бақыт пен шаттыққа кенелсін!

Ерғазы Тілеубеков,
аудандық соттың төрағасы.