ҚЫЛМЫСТЫ АУЫЗДЫҚТАУ - МІНДЕТ

ҚЫЛМЫСТЫ АУЫЗДЫҚТАУ - МІНДЕТ

 

Жастар арасында орын алған қылмыстың алдын алу өзекті мәселеге айналуда. Өйткені жасөспірімдер арасындағы қылмыс қашанда ұлттық қауіпсіздігімізге, ел болашағына қауіп төндірері сөзсіз.
Жас өскіндер ойламаған жерде шалыс басып, қылмыс әлемінің есігін ашып жатады. Осындай сәтте оларды тәрбие ғана түзеп, оң жолға салуы мүмкін. Баланы инабаттылыққа тәрбиелеу – бәріміздің басты борышымыз. Отбасындағы ата-ананың тәрбиесі баланы салауатты тепе-теңділікпен өмір сүруге үйретеді. Ендеше, баланың қалыптасуына ең бірінші отбасы тәрбиесі тікелей әсер етеді.
Ал, бүгінгі ұрпақ тәрбиесі қандай? Ата-аналарымыз бала тәрбиесіне толыққанды уақыт бөліп, олардың немен шұғылданатынына назар аудара ма? Әрине, бірден жауап беру өте күрделі мәселе. Cондықтан жасөспірімдердің арасындағы қылмыс жағдайын жеке нысан ретінде қалыптастыратын өзінің арнайы ерекшелігі бар. Ендеше, атбасын психология саласына бұрсақ, яғни, олардың соматикалық, психикалық әрі адами тұрғыдан дамуындағы ерекшеліктеріне және кейіннен пайда болатын теріс іс-әрекеттерінің пайда болуына назар аударсақ. Демек олардың бойынан психологиялық ашушаңдығын, үлкендерге еліктеуін және қақтығыс жағдайларға бейімділігі сынды бірқатар ерекшеліктерді көруге болады. Әрі жасөспірімдердің көп бөлігінің жұмыс істемейтіндігі, бос уақыттарының болуы және оқу мүмкіндіктерінің болмауы қылмыс жасауына жиі түрткі болады.
Көп жағдайда қылмыстың туындау себептеріне жасөспірімдер тәрбиеленіп отырған төменгі әлеуметтік деңгей және отбасылардың құқықтық мәдениеті тікелей ықпал жасайды. Екіншіден, олардың оқу бағдарламасының тиісті деңгейде болмауы. Үшіншіден, олардың бос уақытын, тұрмыстық және еңбек құрылғысын дұрыс ұйымдастырмау  жағы да әсер етеді.
Әр адамның тағдыры тәрбиеге тығыз байланысты. Жақсы тәрбие алған бала жақсы өмір сүре алады.Теріс тәрбие алғандардың өмірі қиындықпен өріліп отырады. Ақыл парасаты аз, ішімдікке үйір ата-ананың іс-әрекеті  баланың  психикасына әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан өсіп келе жатқан жас толқынның тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарап, оларды қоғамдық іс-шараларға, яғни, түрлі бағыттағы үйірмелерге және техникалық сабақтарға, сондай-ақ, спорт түрлеріне баулудың маңызы зор деп білеміз. 
Тәрбие отбасынан басталады. Ал өмірге келген ұрпақты тәрбиелеу ол ең бірінші отбасының міндеті. Балаға тәрбие беріп, өмірге қосуы, ол – ата менен ананың жауапты ісі. Кез келген  ата-ана бала тәрбиесін мектепке ғана жүктемей, өздері де айрықша көңіл бөліп отыруы маңызды.
Жастар- егемен еліміздің болашағы, еліміздің үкілеген үміті. Отбасы - адамзат қоғамының ең шағын бейнесі. Дүниеге келген сәбиді тәндік жағынан дамуды қамтамасыз етіп, өмір бойы рухани жағынан жетілдіріп, оны тұлға ретінде қалыптастырады. Сондықтан жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында әртүрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізілуде.

Жұман Абдуалиев,
Диқан ауылдық округінің әкімі.