ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ЖАЛҒАСУДА

ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ЖАЛҒАСУДА

Өткен сәрсенбі күні “AMANAT” партиясы Жамбыл облыстық филиалының мобильді қоғамдық қабылдауы ауданымыздың Қостөбе, Бурыл, Сарыкемер ауылдарында өтті.
Қабылдауда “AMANAT” партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ермұханбет Жұмабек, филиал қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Үміт Ибраймова, филиал заңгері Шора Кенжебеков, Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов, аудандық мәслихаттың хатшысы Бақтияр Ақбаев, облыстық, аудандық мәслихаттардың бірнеше депутаттары, аудан әкімдігі бөлімдерінің басшылары, халыққа қызмет ететін мекемелердің бастықтары қатысып, халық тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Қостөбе ауылындағы қабылдауда ауыл тұрғындары Ерікжан Рапиков, Венера Жанысбаева, Рашида Данабаевалар малға жайылымның жетіспеуі, саябақ ашып, үлкендердің бір мезгіл спортпен  айналысуларына жағдай жасау, жалғызбасты ананың 18 жастағы баласын әскерден алып қалу тәртібі туралы сұрады. Сондай-ақ, Гүлбану Ракулова өзінің кішкентай қызының есімін өзгерту тәртібі туралы заңгер Ш.Кенжебековке жүгінді. Ал Талас ауылынан келген С. Мықтиева ауыратын 4 жасар баласын емдеудің жолдары туралы сұраса, Талас стансасының тұрғыны С. Іңкәрбаева балаларға ойын алаңын соғуды сұранды. Қостөбе массивінің Көктем көшесінде тұратын бірнеше жас аналар 4-5 жылдан бері көшелеріне газ тартылмай отырғанын алға тартып, осыған көмектесуді сұрады. Көше тұрғыны Жадыра Кемелбекова көшеде 14-15 үй бар болса, тағы да соққан үйлеріне кіргелі жатқан бірнеше отбасы барын айтып қалды.

Бурыл ауылында қабылдауға келгендердің қарасы көп болды. Онда алдымен ауылдағы Байзақ датқа көшесі тұрғындарының сұранысы бірден назар аудартты.
-Біздің көшеміздің ұзындығы 2 шақырымға жуық. Көшемізде асфальт жоқ. Көше жарығы да жартылай жанады. Көшенің атауы ілінбеген. Соның кесірінен түнемеге шақырылған жедел жәрдем көлігі үйімізді таппай жүріп алады. Ауыз су мәселесі де өз дәрежесінде дей алмаймыз. Ертең балаларымыз мектепке қалай барады? Бізде интернетте өз дәрежесінде істемейді. Міне осындай мәселелерімізді айтып, соған көмектесуді сұрап келдік,-дейді аталған көшенің тұрғыны Ләззат Өмірәлиева. Ләззаттың сөзін осы көшенің тұрғындары Кенже Шайхисланова  мен Гүлнұр Парманқұлова да қостап отыр. Ал Құмжота ауылының тұрғындары Арман Тілеуімбетов пен Ерғазы Сырымбетов көшені жөндеу, Даңғыл ата көшесінен Киров базарына қарай Өтеміс өзеніне көпір салу мәселесін көтерді. Бурыл ауылының тұрғындары Айгүл Кенышова, Ерғали Есенбеков көшелерді асфальттау, электр жарығы «подстанциясын» ауыстыру қажеттігін айтты.
-Күз болса мал ұрлығы көбейеді. Ауылдағы ең үлкен Қонаев көшесінде 4 камера бар, бұл жақсы. Енді осы көшенің  Көктал ауылына шыға берісіне тағы бір камера қойылса, сондай-ақ, осы күре жолға жылдамдықты азайтатын кедергі орнатылса дұрыс болар еді. Тағы бір айтарым ауылдағы ауыз су құбырын жүргізу өз дәрежесінде орындалмады. Құбырлар дұрыс жалғанбағандықтан су қосылса көбі далаға кетіп жатады. Су құдықтары (кольцо) суға толып кетеді, ал олардың қақпақтары түгел емес. Ертеңгі күні оған бала-шаға түсіп кетсе кім жауап береді? Осы мәселелер өз шешімін тапса,-деді Бурыл ауылының тұрғыны Асан Рапишев.

 

Міне осындай қабылдау сол күні түс қайта Сарыкемер ауылындағы әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде жалғасты. Бұл ауылда да ауыл, көше, өздерінің жеке жағдайларын айтып, көмек сұрауға келген азаматтар аз болған жоқ. Бұл жерде де жоғарыда аталған екі ауылдағыдай халықтың сұранысы мұқият тыңдалды. Тіпті оның кейбіріне мекеме, бөлім басшылары, заңгерді қатыстыра отырып бірден жауап та беріліп жатты.
Аталған үш ауылда да партия атынан келгендер мен облыстық, аудандық мәслихаттың депутаттары, мекеме, бөлім басшылары өздеріне қатысты қойылған сұрақтарға жауап беріп, оны шешудің жолдарын түсіндірді. Шешілуі қиын мәселелерді зерделей келе тиісті орындар арқылы заң аясында шешім қабылданатыны айтылды. Ең бастысы - ауыл халқы тарапынан көтерілген мәселелердің ешқайсысыда назардан тыс қалмайтыны ескертілді.
Қабылдауға келгендер арасынан өздерін елеп-ескеріп, ауылдарға арнайы келіп қабылдау жасап жатқандары үшін партияның облыстық филиалы, аудан басшыларына алғыс айтуға ғана келгендерде болды.

Сүндетулла ӘБІЛОВ,
Қостөбе, Бурыл, Сарыкемер ауылдары.