ЕРЕКШЕ ӨТКЕН ЕРТЕҢГІЛІК

ЕРЕКШЕ ӨТКЕН ЕРТЕҢГІЛІК

 

Жетібай ауылындағы «Ерасыл» бөбекжай бақшасында  4 топта 100 бала тәрбиеленеді. Білікті де іскер Қарлығаш Охашева басшылық ететін бөбекжайдағы «Айгөлек» тобының тәрбиеленушілері  бақшамен қоштасты.
«Қош бол, сүйікті балабақшам!» атты ертеңгілік шымылдығын  бақша меңгерушісі Қарлығаш Мәделіқызы ашып, мектеп табалдырығын аттағалы отырған 28  жас  өскінге  сәт-сапар тіледі. Бақша қабырғасында алған білім дағдыларын  қолданудың маңызын айтып, алдағы өмірлеріне жақсылықтар тіледі. Бұдан соң  музыка жетекшісі Айгуль  Майлыбаеваның бастамасымен осы топтағы балалардан құрылған «Балалар» ансамблі әуелете әннен шашу шашса, «Музыкалық аспаптар» оркестрінің орындауында халқымыздың күміс күйлері  тартылды.
Сондай-ақ, «Балалар» ансамблі  бақша ұжымының әрбір мүшесіне, атап айтқанда, бақша меңгерушісі, педагогтар, күтуші, күзетші, шаруашылық  қызметкерлеріне алғыстарын жырмен жеткізе білді. Шара барысында «Айгөлек» тобының тәрбиешілері  Назира Жолшыбекова, Айнұр Тажиева, балалар күтушісі Нүриля Нұржігітоваға  ата-аналар комитетінің атынан алғыс айтылды. Ертеңгіліктің мазмұнды өтуіне атсалысқан, демеушілік көрсеткен барлық ата-аналарға Алғыс хат табысталды. Аманкүл Сейтова, Ләззат Бозтаева сынды ата-аналардың еңбегі ерекше аталып өтілді.
Айрықша айтатын жайт, еңбек жолын тәрбиеші болып бастаған, бүгінде музыка жетекшісі Айгуль Майлыбаеваның ізденімпаздығы, балаларды өнерге баулудағы ерен еңбегіне тоқталғанды жөн көріп отырмыз. Бір жылдың ішінде Айгуль Аязбайқызы өнерге баулыған бүлдіршіндеріміз түрлі деңгейдегі байқауларда топ жарды. Мәселен,  «Ханзада мен ханшайым» атты аудандық байқауда «Ерасыл» бөбекжай-бақшаның тәрбиеленушілері жүлделі үшінші орынды иеленді. 1 наурыз - Алғыс  айту күніне орай «Алғысым шексіз сіздерге» атты аудандық фестивальде «Ерасыл» бөбекжай-бақшасының «Бірлік» командасы ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Ұлыстың ұлы күніне орай Жалғызтөбе ауылдық округінде орналасқан мекемелер арасында өткен байқауда  «Ерасыл» балабақшасының ұжымына ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі және қоғамдық жұмыстарға белсене араласқандары үшін  аудан әкімі Б. Қазанбасовтың Алғыс хаты табыс етілді. Ал Айгульдің өзі 2022 жылғы 12 сәуірде Бурыл ауылындағы «Бәйтерек» бөбекжай бақшасында мектепке дейінгі ұйымдарындағы музыка жетекшілерінің арасында өткен «Үздік музыка жетекшісі» байқауында бас жүлдені жеңіп алды.
Өз ісінің шебері, «балалар бағбаны» атанған Айгуль Майлыбаеваның басшылығымен бақшамызда тұңғыш рет ересектер тобынан жасақталған «Балалар» ансамблі шырқаған әуезді әндерге үлкен қошемет көрсетілді. Ал «Музыкалық аспаптар» оркестрінің, мұнда қазақтың ұлттық аспаптары: домбыра, сыбызғы, сылдырмақ, дауылпаз, асатаяқ, ксилофонда еркін ойнаған бүлдіршіндердің өнеріне тәнті болдық.
Жалпы бөбекжайда тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндер шетінен білімге құштар, өнерлі, талантты екендігіне тағы да куә болдық. Жас өскіндердің өнерін ұштау жолында талмай еңбектеніп жатқан  барлық педагогтарға, соның ішінде Айгуль Аязбайқызына айтар алғысымыз шексіз.

Толғанай Құдиярова,
ата-аналар комитетінің мүшесі.
Жетібай ауылы.