ЕРЛІККЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

ЕРЛІККЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

 

Уақыт тарих бетін парақтайды. Жылдар жылжып өткенімен Отан үшін, ел үшін қан майданда оққа кеуделерін тосқан айбынды ерлеріміздің өр тұлғасы мен жасаған ерліктері ешуақытта ұмытылмайды.
1920 жылы ауданымызға қарасты Қарасу ауылында дүниеге келген Ақәділ ауылдық мектепті бітіргеннен кейін, колхозда жұмыс істейді. 1940 жылы Қызыл әскер қатарына алынады. 31-ші Армияның, 174-ші атқыштар дивизиясының 628-ші Гродненск Қызыл тулы полкіндегі 1 батальонында бөлімше командирі болып, шайқастарға қатысады. Белоруссияны, Литваны, Польшаны азат ету үшін болған ұрыстарда ерекше көзге түседі. 1944 жылғы 31 шілдеде Польшаның Стшельцовизна  деревнясы үшін шешуші шайқаста Ақәділ Суханбаев  жау дзотын кеудесімен жауып,  көзсіз ерлік жасап, еліміздің айбынын асырды.
Даңқты батыр Ақәділ Суханбаевқа 1945 жылы наурыздың 28-інде Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Небәрі 24 жасында ерлікпен қаза тапқан батырдың есімі, ерлігі Қазақстан ғана емес, Ресейде, Белоруссияда, Литвада ерекше қадірленіп келеді. Жеке қаруы Мәскеудегі ТМД  елдері Қарулы Күштері мұражайына қойылған.
Батыр ерлігіне құрмет көрсетуге арналған жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков сөйлеп, Ақәділдің өшпес ерлігіне әрдайым құрмет көрсетіле беретіндігін айтты. Ардагер-журналист, Байзақ ауданының Құрметті азаматы Тұрсынхан Толқынбайұлы ел басына күн туған шақта туған жері мен Отанын қорғап, келешек ұрпақ үшін жанын қиған Ақәділ Суханбаев небәрі 24 жасында өшпес ерлік жасағанын айтты. Туған өңірінде Ақәділдің есімі мектепке, округке, көшеге берілгендігін, сондай-ақ, 1963 жылдың 7 қарашасында Суханбаев атындағы колхоздың орталығында батырдың кеуде-мүсіні орнатылғандығын жеткізді. 1965 жылдың шілдесінде Тараз қаласындағы бұрынғы Қапал көшесі Суханбаев есімімен аталғанына екпін салды. Ұлы Жеңістің 65 жылдығында аудан орталығындағы саябаққа Ақәділдің есімі беріліп, еңселі ескерткіш бой көтергендігін жеткізді. Ауған соғысының батыры Нүркен Әбдуәлиев, тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан Дастан Нұрметов, бейбіт күннің батыры, “Халық қаһарманы” Ғазиз Байтасов Ақәділдің ерлігінен өнеге алғандығын атап өтті.
Сонымен қатар Тұрсынхан Толқынбайұлы 2005 жылы Тараз қаласында Ақәділ Суханбаевтың ерлік жасап тұрған сәті бейнеленген ескерткіші орнатылғандығын, сол жылдан бері 31 шілдеде жұртшылық өкілдері батыр ескерткішіне гүл қою рәсімін өткізіп келе жатқандығын, туған елінің даңқын шығарған Ақәділдің ерлігі жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтіндігін атап өтті.
Мұнан кейін жиналғандар батырды бір минут үнсіздікпен еске алды. Аудан әкімі  Бақыт Қазанбасов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков бастаған, мекеме, бөлім, қоғамдық ұйым өкілдері батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.
*    *    *
Дәл осы күні Жақаш ауылында халқымыздың ұлы перзенті Ақәділ  Суханбаевтың ерлік жасағанына 78 жыл толуына орай еске алу шарасы өтті.
Алдымен жиналғандар мектеп алдында орнатылған батырдың ескерткішке гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды.
Шара барысында “Қосы батыр“ қоғамдық қоры атынан батырдың келіні Науат әжеге және оның үлкен ұлы Өмірзаққа құрмет көрсетілді.

«Ауыл жаңалығы» - ақпарат.