Отбасы әр адамның өмірінде, қоғам мен мемлекетте ерекше маңызды орын алатыны бәрімізге мәлім. Өйткені отбасы әр адам үшін махаббат пен қолдаудың сарқылмас бұлағы болып табылады. Мықты, әрі берік отбасы кез келген қоғамның дамуына, оның тұрақты болуына кепілдік береді.
Отбасы-қоғамның маңызды әлеуметтік институты, оның құрамындағы адамды репродуктивті қызмет атқаратын қоғамның мүшесі ретінде қарастырылады.Cонымен бірге отбасы- тұрақты жүйе. Олардың тұрақтылығынан беріктігі де әр кезде өзгеріп отырады. Оған құқық, дін, қоғамдық пікір, психологиялық факторлар, әсіресе экономикалық өмір бірлігі әсер етеді.
Соңғы жылдары елімізде отбасы тәрбиесі, отбасылық құндылықтар мәселесіне мемлекеттік деңгейде көп көңіл бөлінуде. Бұл қызметте Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның алатын орны үлкен.
Отбасының ең маңызды қызметінің бірі-тәрбиелеушілік міндеті, оны қоғамдық тәрбиенің ең тиімді деген жүйесі де алмастыра алмайды. Оның негізгісі-балаға әлеуметтік –мәдени ортаның құндылығын қабылдаттыру, үлкен ұрпақтың тәрбиесін жас ұрпаққа жеткізу, бойына сіңіру, яғни балаларын өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру-әке-шешенің ең маңызды міндеті. Ата-ананың, басқа да отбасы мүшелерінің өмір сүру тәжірибесі, жүріс-тұрысы, өз міндеттерін таза атқару, бір-бірін құрметтеп сыйлауы-бәрі де үлкен мектеп.
Алайда, қазіргі таңда тұрмыс құрған жастардың ажырасуға деген бейімділігі көрінеді. Осы тұрғыда статистикаға тоқталып өтетін болсақ, Байзақ аудандық сотының өндірісіне 2022 жылдың 6 айында неке бұзу бойынша 93 талап-арыз түсіп, оның ішінде 35 отбасы татуласқан болатын.
Ел Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында медиация тақырыбына аса үлкен көңіл бөліп, ерекше атаған еді. Мемлекет басшысы өз сөзінде дау-дамайды шешудің баламалы тәсілдерін де дамыту қажет екенін, бұл ұстаным мемлекеттің қатысуынсыз-ақ ымыраға келуге жол ашатынын, дамыған елдерде мұндай институттар өзін-өзі таныта білуде екенін, сонымен қатар осыдан он жылдай уақыт бұрын «Медиация туралы заң» қабылданып, алайда қазіргі кезге дейін бірде-бір мемлекеттік орган оның даму мәселесімен айналыспайтынын, оған қоса айқын мемлекеттік саясат байқалмайтынын және бұл жағдайды реттеп, қателікті жөндеу керек деп айрықша атап өтті.
Осыған байланысты қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін елімізде Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотымен «Отбасылық сот» пилоттық жобасы енгізілген. Аталған жоба отбасы институтын жандандыру, отбасы құндылықтарын сақтау, жанұялық жарасымдылықты сақтау, отбасылық дауларды мейлінше татуластыру рәсімдерін қолдана отырып бітімгершілікпен шешу, кәмелетке толмаған балалардың толыққанды отбасымен тұру және тәрбиелену мүмкіншілігін арттыру мақсатын көздейді. Мұнымен қатар, бұл жобаның қолданысқа енгізілу себебі - еліміздегі ажырасу бойынша статистиканың үлкен көрсеткішінің алдын алу болатын. Өйткені статистикаға сәйкес елімізде ресми түрде тіркелген әрбір үшінші некенің бұзылуы қоғамды алаңдатып отырғаны жасырын емес.
Қазіргі таңда «Отбасылық сот» пилоттық жобасының шеңберінде соттарға психолог мамандары, медиаторлар, педагогтар тартылып қоян-қолтық жұмыс атқарылып, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізілуде.
Айкерім Телесбаева,
аудандық соттың судьясы.