АУЫЛ ТАЗАЛЫҒЫ КІМГЕ КЕРЕК?

АУЫЛ ТАЗАЛЫҒЫ КІМГЕ КЕРЕК?

 

Қоршаған ортаның тазалығын сақтап, оның байлығын көздің қарашығындай қорғау - бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналды. Өйткені  арнайы мамандардың пайымдауынша табиғат аясында серуендеуге шыққан әрбір адам артында кемінде 15 кг қатты тұрмыстық қалдықтар қалдырады екен. Мәселен, пластмасса құтылар жер бетінде 500 жылға дейін, кәдімгі полиэтилен пакеттер 200 жылдан астам уақыт бойы шірімей жататын көрінеді. Ал консерві қалбырлары мен шыны сынықтары мың жылға дейін жер қойнында жатып, топырақ құнарын жейтіндігі айтылуда.
Табиғат - Ана өзіне деген қамқорлықты, аялы алақан мен сүйіспеншілікті қалайды. Десекте адам баласы өзін қоршаған ортаның тазалығына атүсті қараудан арылар емес. Міне осындай олқылықтардың алдын алу мақсатында жыл сайын еліміз бойынша тазалық сақтаудың екі айлығы өткізіліп келеді.
Биылғы жылы да наурыз айының 1-і мен мамырдың 1-і аралығында қоғамдық орындарды абаттандыру және сыртқы безендірудің екі айлығы жарияланып, соның аясында үлкен жұмыстар атқарылды. Жас тал-дарақтар отырғызылып, қураған ағаштардың бұтақтары кесіліп, ағаштардың түптері әктелді. Гүлзарлар егіліп, арық-атыздар, аула, көшелер күл-қоқыстан тазартылды. Арнайы қоқыс төгілетін орындар дайындалып, кездейсоқ қоқыс төгілген орындарды тазарту жұмыстары жүргізілді. Бағаналар түбі сырланды. Жиналып қалған қоқыс үйінділері арнайы орындарға шығарылды.
Тазалық - денсаулық кепілі деп жатамыз. Осыны жете түсінген аудан орталығы мен елді мекендердің тұрғындары, түрлі саланың өкілдері сенбіліктерге  біркісідей атсалысып,  қыруар жұмыстарды тындырды. Өкінішке орай, кейбір адамдар тазаланған жерлерге көз ала бере қоқыстарын тастап, адамдардың еңбегін еш етуде. Мәселен, Талас өзенінің жағасынан күл-қоқыстармен қатар, мал өлекселерінде көруге болады. Кейбір азаматтар үйлерінде жиналған қоқысты  үлкен жол бойларына тастап кету немесе Талас өзеніне ағызып жіберуді әдетке айналдырған.
Тұрмыстық қалдықтардың түрі көп, оның қоршаған ортаға қаупі қаншалықты маңызды болса, дер кезінде тазартып, жойып отыру да үлкен жұмысты қажет етеді. Мәселен, Сарыкемер ауылы мен елді мекен тұрғындары белгілі ЖШС-імен келісімшартқа тұрып, әр ауладан шыққан тұрмыстық қалдықтарды алып кету кестесі бекітілген. Осы кестеге сәйкес қызмет көрсетіп жатқан серіктестік  жұмысшылары көбіне қаңғыбас иттер шашып тастаған қоқыстарды жинап, көлікке жүктеп жатады. Міне осындай немқұрайлықтан қоршаған ортамыз былғанып жатыр. Мұндайда айналаның тазалығы мен көріктілігі кімге керек деген ой туындайды?
Тазалық – өмір айнасы, иманның жартысы. Бір сөзбен айтқанда, елдің мәдениеті, әдептілігі, жауапкершілігі, өзін-өзі сыйлауы тазалық шараларынан айқын көрініс береді. Ол болмаған жерде бейберекетсіздік орын алады.
Шындығында да тазалық кімге керек? Ауылдың, елді мекеннің тазалығы біріншіден өзімізге керек емес пе? Олай болса, әркім өзі жұмыс істейтін немесе тұратын үйінің айналасын, көшесіне  қамқорлық танытып, кең даламыз қалдықтар мен қоқыстар қоймасына айналмас үшін Табиғат-Анаға қамқорлықпен қарауды үйренейік.Сонымен қатар  әр тұрғын ауласынан шыққан қоқысты қапқа салып, аузын мықтап байлайтын болса - бұл дегеніміз тазалықты сақтауға қосқан үлесіміз болмақ.
«Тазалық тазалаған жерде емес, таза ұстаған жерде» деген мәтелді ауыл тұрғындары ұмыт қалдыратыны өкінішті-ақ. Жалпы тазалық өзімізден басталатындығын ұмытпайық, өзгеден де осыны талап етейік дегім келеді.

Әбен Ержан,
зейнеткер.
Сарыкемер ауылы.