АНА ЖАЙЛЫ СЫР

АНА ЖАЙЛЫ СЫР

Ана деген сөзді оқығанымда ұшы-қиыры жоқ ойға кетемін. Небәрі  үш-ақ әріптен тұратын осы бір сөздің қасиеті мол, құдіреті зор еді.
Мезгіл күз болатын. Ауыл маңындағы ағаштардың жапырақтары бірінен соң бірі үзіліп, бетімді жалай жерге түсіп жатыр. Әрбір жапырақ бетіме тиген сайын, анамның екі бетімнен кезек-кезек сүйетіндері ойыма оралады. Енді, міне көзге сүйкімді болып көрінетін ағаштар көркінен айырылыпты. Жер беті сары жапырақтарға толы. Осы күзде мен де жетіге аяқ басып, мектеп табалдырығын имене аттағанмын. Бұл кез естің бір кіріп, бір шығып жүрген кездері еді-ау! Мектептен шыққан бетте ішінде екі-үш кітабы бар үлкен сөмкемді екі тілерсегіме кезек-кезек соғып үйге келдім. Күндегі есік алдында қыбырлап жүретін анам бүгін көрінбейді. Тағы бір жаққа қыдырып кетті ме деген оймен ішке ендім. Күн шуағы терезеден бөлмеге төгіліп тұр. Бөлме бұрышындағы керуетте ыңырсып анам жатыр. Сөмкемді табалдырыққа тастай салып, апама қарай тұра жүгірдім. Ол ақырын күрсініп, маңдайымнан сипады. Еріні-ерніне әрең жұғысып күбірлей «сабағынды жақсы оқы, құлыным»,- деді де көзін қайта жұмды. Сол бір сәтте жанарыма жас толған мен аяулы анамды өзімнің кішкене ғана құшағымнан шығарғым келмеді. «Бала бауыр еттен жаралады» деген емес пе? Осы бір кезде өзімді анамның нендей бір қиыншылықтарына ортақтастырғым келетіндей сезіндім. Анамның ыңырсуы жиілей түсті. Оның кең құшағында рахаттана жатқанымды көре алмағандай, бүйірінде «03» деген саны бар машинамен қастарында әкем бар ақ халатты әлде біреулер келіп анамды алып, ауыл сыртына ұзай түсті. Көп ойланбастан артынан тұра жүгірдім. Бірақ қанша ышқынғаныммен жете алар емеспін.
Қайран анам, мектепте оқығаным қолбайлау болды-ау. Әйтпесе қайда қыдырсақ та бірге болушы едік. Енді қарашы «сабағыңнан қаласың дейсің де мені тастап кетесің» деген ой жетегіне еріп келе жатып, жол табанына солқылдап жылап отыра кеттім.
Шіркін, сол балалықты айтсаңызшы, қандай қымбат. Көз жасым көл, бет-аузым кір-қожалық болатын. Мұрнымды кезек-кезек тартып, үйге қарай беттедім.
Арада зулап біраз күндер өтті. Қайсыбір күні жаңбыр күні - түні тынбай жауып, жанымның мазасын алды ма, мен сол күні ұзақ мұздадым. Жылы жерде отырып, анамды еске алдым. Ол сол күні қандай күйде еді. «Жандос, Жандос» - деп мені ұзақ есіне алды ма, жоқ әлде мәңгілікке көз жұмды ма? Ол жағы мен үшін жұмбақ. Күндер өте көктем шығып, талдарда жапырақтар пайда болып, гүлдер гүлдей бастады. Әліппені бітіріп, ана тіліне көшкенбіз. Бүгін 8-наурыз, аналар мерекесі. Мұны бізге кеше ұстазымыз Нагима апай айтқан болатын. Бірге оқитын балалар сынып ішінде өз аналарына дайындаған сыйлықтарын айтып, өздерінше дабырласып жатыр. Мен де көп ойланбастан ауыл сыртындағы жазықтан көп гүл теріп, апамды іздедім. Үйдегілер «апаң әлі-ақ келіп қалады» деседі. Апа, апа, сабағымды жақсы оқып жүрмін, қашан келесіз деп күніне сан рет шартарапқа шарқ ұрамын. Жұдырықтай кішкене ғана жүрегім жиі-жиі соғып, бойымды бір қуаныш сезімі билейді. Апам жақын күндерде келіп қалатындай сезінем.
Ауылдан біраз жерде нағашы апам тұратын. Жаз айларында апармайтын әкем, мені жолдасымен еріксіз осында ілестіріп жіберді. Келгеніме үш күн болып, енді-енді үйренісе бастағанымда әкем келіп, үйге қайтып әкелді. Апам әлі келмеген екен.
Сары жапырақты күз, қақаған аяз, гүлденген көктем, жадыраған жаз бірінен соң бірі айналып өтіп жатты. Ал апам келер емес. Сонда да болса келіп қалар деген үмітімді үзбеймін. Арада бірнеше жылдар өтті. Кішкене ғана кекілім маңдайыма түсіп, самал желмен тербеледі.
Бірде әкем екеуміз қаладағы балалар үйіне келдік. Әкем осында көп балалардың ішінен апама ұқсас, бір-бірінен аумайтын екі баланы екі қолымен көтерген бойы беттерінен сүйіп, маңдайларынан сипады. Екі көзі жаутаңдаған жас сәбиге тесіле қараған әкемнің көзінен еріксіз жас тамшылары сорғалай  жөнелді. Мен сонда ғана өзімнің жалғыз емес, інілерімнің бар екенін біліп, анамның мәңгілікке көз жұмғанын сездім.
Аялы алақанына салып тербеп, ақ сүт беріп, түн ұйқысын төрт бөлген аяулы ананың балаға деген сүйіспеншілігі, хош исі еш уақытта ұмытылар ма? Кішкене ғана сәбиіңнің келешек тағдыры қандай халде өтетінін өз көзіңмен көрмедің де. «Іңгә» - деп өмірге келдім де, ана деп етегіңе жармастым. Жылдар өте ақ сүтіңмен есейіп, буыным беки бастады. Ал сен тіршілігің тоқтағанда көз жұмдың да кете бардың.
Енді міне, қос сәбиіңнің алдында буын-буыным босап, көз жасым төгіліп, жаным егіліп тұр. Екі бүлдіршінге кезек-кезек жалтақтай қараймын. Тұла бойым қалтырап белгісіз күш мені екі балапанға қарай тарта берді, тарта берді. Көзіме жас тамшылары үйіріліп, ет жүрегім елжіреп барады. Көз жасым мұндай көп болар ма. Інім деймін, ішімнен. Жалғыз өскен жаралы жанға інім деп айту қандай ғанибет десеңізші, шіркін! Інім деймін, тағы да тебіреніп. Інілеріме қарап қолымды соза бердім. Осы бір сәтте найзағай жарқылдап, көктемнің ақ нөсері төгіп-төгіп жіберді. Мен орнымнан қозғалмаған күйі қос інішегімді бауырыма қысып, бұл ылайым қуаныш нөсері болғай, - деп тұрып қалдым.

Сүндетулла ӘБІЛОВ.