ҚОС ОТБАСЫ ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

ҚОС ОТБАСЫ ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

Отан – отбасынан басталады. Бұл өмір қағидасы. Отбасы-қоғамының тірегі. Тәуелсіз еліміздің байлығы-ырыс, берекесі молыққан, татулықпен тағдыр жарасымын арттырып отырған, бақытымен басқаға үлгі саналатын отбасылар екені сөзсіз.
Осындай үлгілі отбасыларды анықтау мақсатында аудандық «Мерейлі отбасы» байқауы жарияланып, құжаттар қабылданған болатын. Айтулы ұлттық шараға барлығы 10 құжат қабылданды. Байқау комиссиялары құжаттардың барлығын зерделеп, нәтижесінде аудандық кезеңге бес отбасы лайық деп танылған. Олардың қатарында Мамырбаевтар, Жаменкеевтер, Аббасовтар, Құрмановтар және Еламановтар отбасылары болды.
Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің Жастар ресурстық орталығында ұйымдастырылған шараға аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Жұманғали Құмғанбаев, Келісім кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Оралов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Иманова қатысты. Мерейлі сайыста алғаш сөз алған аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов барлық қатысушыларға алғыс білдірді.
- Отбасы-махаббат, құрмет, береке мен сүйіспеншіліктің көзі, соның негізінде кез келген өркениетті қоғам құрылады, онсыз адам өмір сүре алмайды. «Мерейлі отбасы» барлығыңызға белгілі-ұлттық байқау. Бұл байқау бірінші аудандық кезеңнен басталып, аяғы республикада қорытындысы шығарылады. Біздің өңірімізде мерейлі отбасылар өте көп. Өзіндік үлгі-өнегесі, дәстүрі қалыптасқан отбасылардың болашаққа берері мол. Осындай игі шараларды ұйымдастыру арқылы біз келешек ұрпаққа ұлттық құндылықты, ұлттық салт-дәстүрді, ұлттық тәрбиені насихаттайтын боламыз. Бүгінгі байқауға қатысып, атсалысқандарыңыз үшін алғысымызды білдіреміз. Отбасыларыңыздың татулығы артып, еліміздің бейбітшілігі нығая берсін,-деп ізгі тілегін жолдады Дәуір Рысбайұлы.

 

Кезекті құттықтау сөз алған Жұманғали Құмғанбаев та қатысушыларға сайыстың маңызын, әсіресе қазіргі отбасы мәселесіне салғырт қарайтын жастарға үлгі көрсететін шара екенін тілге тиек етті.
Байқау қорытындысы бойынша Мамырбаевтар мен Құрмановтар отбасы жеңімпаз атанып, облыстық кезеңге жолдама алды. Мамырбаевтар отбасының тірегі, бүгінде 90 жасқа келген ардагер-ұстаз Серік Мамырбаев ұйымдастырушыларға өз тарапынан алғысын білдірді.
- Жасымда көп еңбек етіп, өмірлік жолымды ұстаздыққа арнадым. Балаларым қатарынан кем болмасын, жоқшылықты көрмесін деп тынымсыз тіршіліктің соңынан жүрдім. Міне, сол өсірген балаларым бүгінде ержетіп, еңбегімді ақтап, зайыбым екеуіміздің жақсылығымызды еселеп қайтаруда. Осы байқауға қатысуға алдымен келінім ой тастаған болатын. Ақыры ойлана келе өз бағымызды сынап көрдік. Нәтижесінде жеңімпаз атанып отырғанымыз қуантады. Балаларыма үнемі отбасы, жанұя жылулығы мен балалардың бақыты басты орында болсын деп ақылымды айтып отырамын. Осындай игі шаралар көп болсын деп тілеймін,-деп ағынан жарылды Серік Мамайұлы.
Байқау соңында Дәуір Рысбайұлы барлық қатысушыларға сыйлықтар табыс етсе, аудандық  әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің әншісі Сәрсенбек Бәкір домбырамен өз репертуарынан әндерін шырқап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Арайлым Нарбатырова.