МӘДІМАР АУЫЛЫНДАҒЫ ИГІ ІСТЕР

МӘДІМАР АУЫЛЫНДАҒЫ ИГІ ІСТЕР

 

Ынтымақ ауылдық округі Мәдімар ауылында 2020 халық тұрады, жер көлемі 17902 гектар,  өзге ұлт өкілі біреу ғана.  Шаруа қожалықтары 74, ауылда пошта, балалар бақшасы, дәрігерлік амбулатория, мал дәрігерлік бекеті, мешіт жұмыс жасайды.
Ауылда істеліп жатқан игі істер жетерлік. Атап айтқанда  2020 жылы “Асарлатып үй салу” жобасы аясында көп балалы ана Ғалия Құрмановаға ауыл әкімшілігі, ағайындары және демеушілер есебінен асарлатып 5 бөлмелі үй соғылып берілді. Ауылдағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектебі мен 3 көшенің жолы күрделі жөндеуден өтті, 2 көше жарықтандырылды. Ауылдық әкімшілік ағымдағы жөндеу жұмыстарынан өткізілсе, ауыл тұрғындарына арнап спорт алаңшасы соғылды. Тұрғындардың уақытын тиімді пайдалану мақсатында волейбол, футбол, бокс, би үйірмелері жұмыс жасайды. 2015 жылы жеке кәсіпкер Жанысбек Әшімов ауылға өз демеушілігімен мешіт соқса, осы игі іске мектеп бітіргендеріне 20, 30, 40 жылдық түлектер мешіттің айналысын қоршап, отын бастырмасын және 200 адамдық ас ішетін бастырма салып берді.
2021 жылы Жамбыл облысы әкімінің бастамасымен  қолға алынған «Үлгілі ауыл» өңірлік байқауы жарияланып, оған облыс бойынша  13 ауыл  қатысқан еді. Ауыл экономикасының өркендеуі,  елді мекендерде адам өмiрi мен денсаулығы үшiн қолайлы ортаны қалыптастыру, тұрғындардың бірлігі мен  ынтымағы, жастардың білімі мен тәртібі, ауыл тазалығы мен мәдениеті, бұқаралық спорттың дамуы,  тұрғындардың бос уақытын тиімді пайдалануы мен ақсақалдардың белсенділігі сынға түскен байқау қорытындысы бойынша ауылымыз ІІ  орынды иеленіп, 4 000 000 теңге  ақшалай сыйлықпен марапатталды. Ауылға кіре беріске халық қалаулыларының қанатты сөздері жазылған 6 қалқанша, 1 баннер, 100 түп тұя ағашы және «Мерейлі мекенім» атты стела орнатылды. Социалистік Еңбек Ері  Нұрмаш Түйтебаева көшесіне жарық қойылды.
Ал өткен жылы “Асарлатып үй салу” жобасымен көпбалалы, аз қамтылған отбасы Пернебек Тыныштықбаевқа ауыл әкімшілігі, ағайындары және демеушілер есебінен асарлатып, 5 бөлмелі үй соғылып берілген.
Округте мереке сайын іс-шаралар  жоспарға сай өтіп тұрады.  Сонымен қатар, жергілікті қаламгерлердің шығармашылығына байланысты тұрғындармен кездесуді ұйымдастыру жұмыстары дұрыс жолға қойылған.
Сонымен қатар ауылда «Даңқ кешені», «Ардагерлер аллеясы», «Мәдімар ата» ескерткіші, «Механизаторлар аллеясы», 1937 жылғы қуғын-сүргін құрбандарына арналған құлпытас бар. 2022 жылы демеушілер есебінен Тойқара Наржанов көшесіне түнгі жарық қондырғылары орнатылды. Ағымдағы жылы көпбалалы жас отбасы  Асылжан Сайлауовқа “Асарлатып үй салу” жобасы аясында 5 бөлмелі үйдің іргетасы құйылып, кірпіштері дайындалуда. Аталған  игілікті тірлік асарлату жобасымен іске асырылуда. Осындай игі істер алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады.

Мейірбек Ноғаев,
Ынтымақ ауылдық округінің әкімі
Мәдімар ауылы.