АЛҚАБИЛЕР - ХАЛЫҚТЫҢ СЕНІМДІ ӨКІЛІ

АЛҚАБИЛЕР - ХАЛЫҚТЫҢ СЕНІМДІ ӨКІЛІ

 

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық сот пен аудандық мәслихаттың ұйымдастыруымен «Мәслихат депутаттарының Қазақстан Республикасының «Алқабилер туралы» Заңына сәйкес алқабиге кандидаттарды іріктеу барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының арасынан жүргізілу және «Медиация туралы» Заңына сәйкес барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының арасынан қоғамдық медиаторларды сайлау бойынша ұсынысын талқылау» тақырыбында дөңгелек стол отырысы өтті.
Отырысқа аудандық мәслихаттың депутаттары, аудандық Билер, ардагерлер кеңестерінің мүшелері, аудандық прокуратура, полиция бөлімі қызметкерлері, қорғаушылар мен медиаторлар қатысты.
Отырысқа төрағалық етуші аудандық соттың төрағасы Ерғазы Тілеубеков күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасады.
-Бүгін біз «Алқабилер туралы» және «Медиация туралы» Заңдар аясында алқабиге кандидаттар мен  медиацияға қоғамдық медиаторлар қатарына аудандық мәслихат депутаттарын енгізу мәселесі туралы сөз қозғамақпыз. Мұндай ұсыныс Жоғарғы сот төрағасы атына «Қазақстан мәслихаттары депутаттары бірлестігінің» төрағасы Т.Мұхашевтің тарапынан түскен еді. Бізде «Медиация туралы» Заң 2011 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл бағытта аудандағы медиаторларымыз тарапынан  атқарылып жатқан жұмыстар жаман емес. Өздеріңізге белгілі қазіргі таңда дау-жанжал көбейіп тұр. Оған бірден-бір себеп – меншік түрлерінің көбеюі, нарықтық қатынастардың орнауы және халықтың құқықтық сауаты мен талабының артуы болар. Бір-бірімен жанжалдасқан азаматтар бірден сотқа жүгінеді. Ондай азаматтарды бірден сотқа келтірмей, біздің медиаторларымыз сөйлесіп, екі жақты бітімгершілікке шақырулары керек. Халық арасында медиаторлар туралы жақсы түсінік бар.  Медиатор дегеніміз – екі жаққа да ортақ, дау-дамайда айтысушы жақтарды мәмілеге келтіріп, тең шешетін араағайын (дәнекер) десекте болады.
Медиацияның басты мақсаты – қос тарапты бірдей қанағаттандыратын және дауласушылық деңгейін төмендететін өзара тиімді әрі өзара қолайлы, бейбіт келісімге келу болып табылады. Дәлірек айтқанда медиация мүмкіндігіне қарай істі сотқа жеткізбеу мақсатын көздейді.
Байзақ аудандық Билер кеңесін үлкен жастағы, өмірді  көрген, өте ақылды, өте саналы тұлғалар құрайды. Өйткені, медиация міндетін кезінде данагөй Билер атқарып, қазақтарда үлкендердің, ақсақалдардың сөзіне тоқтап екіжақты бітімге келген.
Кез келген адамның құқын әділ қорғай алу –мемлекеттің міндеті. Осы мақсатты заң аясында орындау үшін шынайы сот төрелігін жүзеге асыруға қашанда ерекше назар аударылады.
«Алқабилер туралы» ҚР-ның Заңы 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді. Алқабилердің қатысуымен қазіргі таңда елімізде көптеген істер  қаралуда.
Алқаби дегеніміз – соттың қылмыстық істі заңда белгіленген тәртіппен қарауына қатысуға шақырылған және ант қабылдаған Қазақстан Республикасының азаматы. Сондықтан да алқаби сотын-сот төрелігін жүзеге асыруға халықтың қатысуының бір түрі дейміз.
- Алқабилер туралы халық әлі жете түсіне бермейді. Біз медиаторлар, алқабилерге де мәслихат депутаттарын араластырғалы отырғанымыз депутаттар халықтың сенім білдірген өкілдері. Елді таниды, айтар ойлары бар азаматтар. Алайда алқабилер сотына  жасы 65 жастан асқан адамдар мүше бола алмайды. Бұл жерде жасы үлкен, өмірлік тәжірибесі мол аға-апаларымыз енді керек емес деген ұғым тумауы керек. Ардагерлеріміздің ақыл-кеңестері бізге қашанда керек екенін айта кеткен орынды болар. Олар қаралған іске қатыса алады. Соттың әділ өтуін қадағалайды. Алқабилер қарапайым халықтың өкілі болып есептеледі. Сондықтанда олар қатысқан соттың шешімін қылмыскерлер дұрыс шешім деп қабылдайды. Ал мұндай жағдай сот жүйесін жетілдіре түсетін болады. Сот процесі кезінде таразының бір жағында адам тағдыры тұрса,  екінші жағында заң тұрады. Сондықтанда заңға бағына отырып, әділ шешім қабылдануы тиіс, - деген аудандық соттың төрағасы Ерғазы Өтенұлы алқабилердің сайлану тәртібі жайлы түсіндіре кетті. Отырысқа қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
- Біздің Билер кеңесінің мүшелері 2019 жылдан бері ақысыз жұмыс істеп келеді. Бізге болмашы нәрседен дау тудырып келіп жататындар бар. Біз оларды татуластырып, сотқа жеткізбей табыстырып жүрміз. Ал енді келіспеген жағдайда құжаттары амал жоқ сотқа өтеді. Бүгін алқабилер құрамы жастардан болуы керектігі айтылуда. Араларында депутаттардың болғаны дұрыс. Біз жастарды да,  депутаттарды да қолдаймыз, - деді аудандық Билер кеңесінің төрағасы Мейірбек Болатбеков.
- Біздің ауылда да, - деді Түймекент ауылдық Билер кеңесі төрағасының орынбасары Күнтуған Ақназаров – билер кеңесінің жұмысы жақсы жолға қойылған. Біз әсіресе жастар, жас отбасылармен жұмысты жүйелі жүргізіп келеміз. Әсіресе, мектеппен байланысымыз жақсы. Мәселен, жақында бір отбасы арасындағы жанжалға араласуға тура келді. Бар ақылымызды айттық. Екеуінде мақтап, әке-шешелерінің жақсы адамдар екенінде тілге тиек еттік. Балаларының келешегі туралы да айтып, ойландырдық. Нәтижесінде екі жас татуласып, біздің көзімізше қол алысты, бүгінде жақсы, тату-тәтті  отбасы ретінде өмір сүруде. Міне мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Менің тағы бір айтарым таза жұмыс істеу керек. Өтірік қағаз толтырмай, жастардың, жас отбасылардың өсіп - өнулеріне, тәртіпті де тәрбиелі азамат болып қалыптасуларына өз үлесімізді қоса берейік. Себебі бүгінгі жастар Тәуелсіз еліміздің тірегі болатынын естеп шығармауымыз қажет.
Отырыста «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Шолпан Байтақова, аудандық ардагерлер Кеңесінің мүшесі Серік Балабеков, аудандық мәслихаттың аппарат жетекшісі Исағали Сәлімбаев, модератор Ғайни Көшекбаева, аудандық мәслихаттың хатшысы Бақтияр Ақбаевтар күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты өз пікірлерін білдірді.
Отырысты қорытындылаған аудандық соттың төрағасы Е.Тілеубеков мемлекеттің де алға қойып отырған талабы дау-жанжалдарды сотқа жеткізбей шешу болып отырғанына тоқталды. Ендеше медиаторлар мен алқабилер ауданымыздағы орын алып жататын ұсақ-түйек бұзақылық, жастар арасындағы ұрыс-керіс, түсінбеушіліктердің оң шешілуіне өз үлестерін қоса береді деп сенеміз.

Сүндетулла ӘБІЛОВ,
Сарыкемер ауылы.