БІРЛІК ПЕН ТАТУЛЫҚ-БЕРЕКЕ БАСТАУЫ

БІРЛІК ПЕН ТАТУЛЫҚ-БЕРЕКЕ БАСТАУЫ

1 мамыр- халқымыз үшін ерекше күн. Жыл сайын осы мерекеде Қазақстан аумағында тұрып жатқан этнос өкілдері киелі шаңырақ астында тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды. Бірлік пен татулықты ұлықтайтын мейрам Ақәділ Суханбаев атындағы орталық саябақта жоғары деңгейде аталып өтті.
Жиналған көпшілікті аудан әкімі Бақыт Қазанбасов айтулы мерекемен құттықтады.
- Жылына бір рет келетін Бірлік, ынтымақ күні үлкен мереке деп айтуға болады. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деген халқымыз ауызбірлік пен түсіністік, бір-бірімізге деген құрмет орнаған жерде әрдайым нәтижелі істер болатынын баса айтқан болатын.
Күшіміз бен қуатымыз – бірлікте. Бірлік, достық, ынтымақ-ел дамуының кепілі. Бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктеріміз бен табыстарымыз - бірлігіміздің нәтижесі.
Ауданымызда отыздан астам этнос өкілдері  тату-тәтті тіршілік кешуде. Орыс, кәріс, түрік, неміс, дүңған ұлттық мәдени орталықтары ұлтаралық татулық пен ауызбірлікті нығайтуға атсалысуда.

Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді.
Баршаңызды айтулы мерекемен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Бейбітшілігіміз мәңгі жасай берсін. Тәуелсіздігіміз берік болсын,-деді Бақыт Алпысбайұлы.
Бұдан соң  ел бірлігіне сүбелі үлес қосқан аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Оралов пен түрік этномәдени орталығы төрағасының орынбасары Собиржон Аббасов облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, неміс этномәдени орталығының жетекшісі Варвара Найденова және Кенен Әзірбаев атындағы балалар саз мектебінің кітапханашысы Анжела Цой облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Мерекелік көңіл-күй аудан орталығы білім мекемелерінің ұсынған композициялық қойылымы мен этномәдени орталық өнерпаздарының мерекелік тартуына ұласты.
Сонымен қатар мерекеге орай ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Мұнда қой етінің келісі-2100 теңге, сиыр етінің келісі – 2200 теңге, жылқы етінің келісі – 2300 теңге, пияздың келісі – 100 теңге, картоптың келісі – 180 теңге, сәбіздің келісі – 160 теңге, қырыққабат, шомыр, қызылшаның келісі – 200 теңге, қиярдың келісі 450 теңге, қызанақтың келісі 600 теңге, қымыз бен шұбаттың литрі - 1000 теңгеден, сондай-ақ сүт өнімдері ірімшік, құрт, қаймақ, сүзбе, тары, талқан, тағы басқа өнімдер саудаға шығарылды. Кейбір өнім түрлері базар бағасынан 15-30 пайызға арзанға саудаланғанын айта кеткен жөн. Қолжетімді бағаға азық-түлік алып, мерекелік жәрмеңкеге көңілдері толған аудан тұрғындары ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдіріп жатты.
Мерекенің ажарын білім бөліміне қарасты қосымша білім беру мекемелерінің ұстаздары мен оқушылары, этномәдени орталықтар мен аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасы келтірді. Дәстүр мен салтты ұлықтаған түрлі көріністер көрсетіліп,  ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.