«Электронды үкімет» порталы

«Электронды үкімет» порталы

Ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған бүгінгі күні электрондық жүйеге көшу аса маңызды болып отыр. Бұл ретте мемлекет пен қарапайым халық арасында байланыс орнатуды жеңілдету үшін электронды үкімет жұмыс істейді. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру, оларды электронды форматқа көшіру жұмыстарын дамыту шаралары жалғасуда. Бүгінге дейін жұртшылыққа ыңғайлы бірқатар жобалар іске асып та үлгерді.

«Электронды үкімет» порталы – Қазақстан азаматтарының және республика қонақтарының Қазақстан туралы, оның үкіметі, заңнамасы, ұлттық назар аударарлық орындары туралы ресми ақпарат ала алатын, сонымен қатар, онлайн режімде мемлекеттік органдар қызметіне ие болып және айыппұл төлеуге мүмкіндік беретін бірыңғай ресурс. Елімізде электронды үкімет құру идеясын Мемлекет басшысы өзінің республиканы әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына енгізу туралы Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында білдірген болатын. Сөйтіп, 2004 жылғы 10 қарашада электронды үкіметті енгізу туралы «Қазақстан Республикасында электронды үкіметті қалыптастырудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» Президент Жарлығымен бекітілді.

Осыдан кейін электронды үкіметті қалыптастыру және дамытудың төрт негізгі кезеңі бекітілді. Бірінші кезең – ақпараттық кезең. Дәл осы кезеңде электронды үкімет порталы іске қосылып, ақпараттармен толықтырылды. Бұл кезеңде әрбір қазақстандық қажетті бүкіл ақпаратты – қажет құжаттар тізімін, мемлекеттік БАЖдың көлемін, мемлекеттік органның байланыс мәліметтерін портал арқылы алуға қол жеткізді. Екінші кезең – интерактивті кезең, яғни порталда электронды қызметтер көрсетіле бастады. Порталды пайдаланушыларға үйде отырып-ақ мекемелерден анықтамаларды алуға, кез келген мемлекеттік органға сұраныс жасауға және олардың жағдайын бақылауға мүмкіндік туды. Электронды үкімет порталында интерактивті қызметтерді енгізу құжаттар пакетін жинауға кететін уақытты бірнеше есе қысқартты. Электронды үкіметтің дамуының үшінші кезеңі – транзакциялық кезең. Бұл кезеңде азаматтар мемлекеттік салымдар мен төлемдерді, айыппұлдарды, коммуналдық қызметтерді төлеуге мүмкіндік алды. Егер бұрын қызметтерді төлеу үшін банкке бару қажет болса, онда қазір қызметті онлайн алуға және төлеуге болады. Электронды үкіметтің төртінші кезеңі – трансформациялық кезең. Бұл кезеңнің басты мақсаты – азаматтарға қызмет көрсетуде жеделдік таныту. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін интерактивті және транзакциялық сервистер кешенді қызметтерге біріктірілуде.

Қазіргі таңда техника, технология жетістіктерін шеберлікпен пайдаланудың арқасында мемлекеттік органдар мен үкіметтік ұйымдар ел азаматтарымен тұрақты қарым-қатынас жасаудың тиімді жолдарын осы электронды үкімет жүйесі арқылы тапты. Мұның тиімді жақтары айтарлықтай. Қажетті ақпаратты жедел береді, мемлекеттік қызмет көрсетуді тиімді етеді және шығынның аздығымен әрі ашық, жариялылығымен ерекшеленеді. Үкіметтік ұйымдардың да өзара тығыз байланыста жұмыс істеуіне елеулі ықпал ете алады.