Мәдімәрда жаңа үй салынды

Мәдімәрда жаңа үй салынды

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында, өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен осымен екінші жыл жүзеге асырылып жатқан жоба көптеген тұрғынға баспана бақытын сыйлады.
«Асарлатып үй салу» жобасы соңғы екі жылда жарқын бір игі дәстүрге айналды десек орынды болмақ. Сол игі шараға бастамашы болған Ынтымақ ауылдық округі екенін екінің бірі біле бермес. Сондай жарқын істің жалауын көтере, былтырғы жылы облыс көлемінде асарлатып үй салудан ең алғаш болып мұқтаж отбасына тұрғын үйді қолданысқа берген мәдімарлықтар биыл да ауылдастардың ынтымағының арқасында Пернебек Тыныштықбаевтың отбасына «Асар» дәстүрімен үй салып берді. Әрқашан ағайын мен ауылдастар арасындағы ынтымақ пен бірліктің үлгісін көрсетіп келе жатқан Ынтымақ ауылдық округінің тұрғындары кезекті баспананың қуанышына жиналды. Аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов, аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шолпан Байтақова, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Иманова жаңа тұрғын үйге барып, үй иесінің қуанышына ортақтасты.
- Өткен жылы облыс әкімінің бастамасымен «Асарлатып үй салу» жобасы ең бірінші осы Мәдімар ауылынан басталғанын ерекше атап өтуге болады. Игі істі қайта жандандырып, сабақтастыра түскен осы ауыл десек артық айтқандық емес. Елдің ынтымағының арқасында, ағайынның ауызбіршілігі нәтижесінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында тағы бір қуанышты сәтке куә болып отырмыз. Бұл игі дәстүрдің бүгінгі жаһандану заманында көрініс тауып келе жатқанын біз дәстүр сабақтастығы деп түсінеміз, - деген Дәуір Рысбайұлы аудан әкімі Бақыт Қазанбасовтың атынан құттықтауын жеткізді.
Өз кезегінде сөз алған Мәдімар ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Болат Шоқайбаев қоғам үшін пайдалы болып есептелетін кез келген игі істі асарлатып жүзеге асыру – құптарлық тірлік екеніне тоқталып, осындай тірлік жұртты жақсылық жасауға жұмылдырып қана қоймай, өз кезегінде бір отбасының түйінді мәселесін көп болып шешуге жол ашып отырғанын жеткізді. Бүгінде бес ұл-қызды тәрбиелеп, одан бес немере сүйіп отырған үй иесі Пернебек Тыныштықбаев пен жұбайы Майқан Оспанова ауылдастарына деген шынайы алғыстарын жеткізді.
«Бұрынғы ата-баба дәстүрімен «Асарлатып үй салу» жобасы қолға алынып отыр. Ұмыт бола бастаған дәстүр қолға алынғаны жақсы үрдіс қой. Ауылымызда көптеген өзгерістер болып жатыр. Мұның бәрі - қуанарлық тірлік», - дейді ауыл тұрғындары.
Шара барысында ауылда асарлатып үй салуға үлес қосқан бірқатар азаматтарға аудан әкімінің, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының Алғыс хаттары табысталды. Атап айтқанда, Алтай Райкулов, Төлебек Көкеев, Садық Шохайбаевқа аудан әкімінің Алғыс хатын аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов, Жандос Сыдықов, Айтбай Мықтыбаев, Тахир Тыныштықбаев, Тұрсыналы Құрманов, Қамбар Шатқалбаевқа аудандық партия филиалының Алғыс хатын аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шолпан Қайратқызы табыс етті. 
Жаңа қоныстың лентасы салтанатты түрде қиылып, аналар шашу шашты.
Бес бөлмелі тұрғын үйдің іргетасын Пернебай ағаның құрдастары қаласа, ағайын-ауылдастары қабырғасын көтеріп, шатырын жабуға атсалысқан. Айтулы шараға ауыл әкімшілігі, мектеп ұжымы, ауыл кәсіпкерлері біркісідей қолғабыс көрсеткенін айта кетейік.