Жомарт түлектің туған жерге тартуы

Жомарт түлектің туған жерге тартуы

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жерге туыңды тік» кіші бағдарламасы аясында Темірбек ауылдық округінде Сарыбарақ негізгі мектебінің 1984 жылғы түлегі, жаны жомарт азамат Нұржан Сембековтің демеушілігімен кіші футбол алаңы ел игілігіне ұсынылды.
Сарыбарақтық ағайынның қуанышымен бөлісуге аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Иманова, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерік Мамадияров барды.
Алдымен аяқдоп алаңының ашылуына арналған лента қию рәсімі орындалды. Оны атқару үшін ортаға аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов, зейнеткер-ұстаздар Амантай Төлепбергенов пен Тоқтағұл Мамасеріков шақырылды. Ақ жаулықты аналар шашу шашып, қонақтар жаңа ашылған алаңға беттеді.

- Бүгін, Сарыбарақ елді мекенінде үлкен той десек те болады. Өйткені, ауыл азаматы Нұржан Сембеков ағамыз ел игілігі үшін шағын спорт алаңын пайдалануға беріп отыр. Елден түлеп ұшқан түлектер өз туған жеріне көмек қолын созуы кейінгі кезде дәстүрге айналғаны белгілі. Бұл, осы ауылдан түлеп ұшқан азаматтардың елі мен жері үшін қызмет ететінін көрсетеді.
Облыс әкімінің бастамасымен «Жомарт түлек» жобасы қолға алынғанын білесіздер.  Осы бағытта мектептен түлеген түлектер өз мектептеріне көмектерін көрсетуде. Бұл да сондай игі істің бір парасы деп білеміз, - деген Дәуір Рысбайұлы аудан басшылығы атынан шынайы ізгі тілегін жеткізді.

Елемес Есімов, Темірбек ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы:
-Бұл ауыл азаматтары мен жастардың көптен күткен арманы болатын. Сол  арманның орындалуына бірден бір себепкер болған Сембековтер отбасындағы Нұржан ініміз. Сонымен қатар, осы істің басы-қасынан табылып, өздерінің сүбелі үлестерін қосқан Сарыбарақ негізгі мектебінің ұжымына да айтар алғысымыз шексіз. Осынау ауыл жастарының игілігіне ұсынылған алаңға жуырда өмірден өткен Қошан Сембеков бауырымыздың есімін берсек деген ұсынысты тұрғындар да қолдайды деген сенімдемін. Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров те осы ауылдың тумасы. Осы ағасының үрдісін жасөспірімдеріміз жалғастырады деген ойдамыз.

Нұржан Сембеков, жомарт түлек, кәсіпкер:
-Осыдан төрт жыл бұрын ауылдағы мектепте Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына арналған жиын өткен болатын. Сонда «Туған жерге туыңды тік» бағдарламасы аясында көптеген мәселелер көтеріліп, жүрегімнің түбінде бір ой қалған еді. Сөйтіп араға бір жарым жыл салып барып алғашқы жұмыстарды бастаған едік. Кейіннен бұл іс шамалы кешеуілдеп, осындағы ауылдастар, құрдастардың атсалысуымен қайта жанданды. Бүгін өздеріңіз қуанышқа куә болып отырсыздар. Және де осы алаңға ағамыздың есімін берсек деп отырмыз. Сондықтан, баршаңызға шынайы алғыс айтамын.

Амантай Төлепбергенов, зейнеткер-ұстаз:
-Мінеки, жақсылық қандай? Біздің уақытта мұндай болды ма? Қазіргі жастар бақытты заманда ғұмыр кешуде. Қуанышымыз құтты болсын! Аудан басшылығына алдағы уақытта осы ауылға жаңа мектеп салу туралы өтінішімді айтайын деп едім.

Назым Талдаева, мектеп түлегі:
-Мектебіміз кіші болғанмен біз үшін іші үлкен. Себебі, осы жерден сапалы біліммен сусындап, саналы тәрбие алып шықтық. Біріншіден, ұстаздарыма деген алғысымды білдіремін. Екіншіден, бүгінгідей қуанышқа себепкер болып, демеушілік көрсеткені үшін Нұржан ағаға рахмет айтамын - дей келе, жомарт азаматқа және мектеп ұжымына деген сый-сияпатын табыс етті. Осы ауылдың тумасы, қазақ-қырғыз еліне көкпар ойыны арқылы кеңінен танымал болған шабандоз Айымхан Талдаевқа арналған естелік-толғауын табыстады.

Бұдан соң тілектер легі толастамады. Қуанышқа ортақтаса келген ауылдастар да құтты болсын айтысып жатты. Осындай игі іске ұйытқы болған жаны жомарт азаматқа ауылдастары атынан астына тұлпар мінгізіп, үстіне қазақы дәстүрмен шапан жабылды. Сонымен қатар, ауыл жастары да айтулы шарадан шет қалмай, балаларға арналған спорт киімдерін тарту етті.
Шағын футбол алаңшасындағы ең бірінші футбол ойыны да басталып кетті. Бұл кезде дененің сәні мен сымбатын келтіретін, бойға күш-қуат жинауға аса қажет стрит воркаут алаңында ауыл жастары өз өнерлерін ортаға салып жатты. Бұдан былай шынығамын, шыңдаламын деген ауыл жастары үшін бұл орындардың есігі әрдайым ашық болмақ.
- Ауылымызда осындай спорт алаңшасының ашылғанына қуаныштымыз. Әсіресе, футболды жақсы көретін біздер үшін бұл тамаша сыйлық болды. Осындай мүмкіндік жасаған ағаларға үлкен рақмет, – дейді ауылдың жас аяқдопшылары.