Көпбалалы ана баспаналы болды

Көпбалалы ана баспаналы болды

Елді бірлік пен ынтымаққа, ағайыншылыққа үндейтін «Асар» жобасымен Талас ауылының тұрғыны, көпбалалы  ана Райкүл Ибрагимова баспаналы болды.

Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы бұрынғы дәстүрімізді қайта жаңғыртып отырғандығын, игі іс елдің бірлігін, бір-біріне қол ұшын соза алатынын, қайырымды азаматтардың көп екендігін айтып, бірлесе атқарған тірлікте береке барлығына екпін салды. Жергілікті әкімдіктің қолдауымен, ауыл тұрғындарының бірлігінің арқасында іске асқан тірліктің нәтижесі көпшілікке өнеге екендігін атап өтті. Үйлі болған ананы қуанышымен құттықтады. Бұдан соң сөз алған Қостөбе ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мамед Сулейманов өзі тұрып жатқан үйдің өткен ғасырдың 60-70 жылдары асарлатып салынғандығын айтты.  Тұрғын үйдің бой көтеруіне  сүбелі үлес қосқан жерлестеріне алғысын білдірді. «Асар»  жобасының игілігін көріп, баспана бақытын сезінген  4 баланың анасы Рыскүл Үсентайқызы қуанышымен бөлісіп, игілікті іске қолдау  білдіргендерге алғысын жеткізді.
Әрмен қарай  тұрғын үйдің лентасы қиылып, шашу шашылды.
Аумағы 95 шаршы метр болатын 6 бөлмелі тұрғын үйдің ішкі бөлмелері ауыз сумен, жылыту жүйелерімен қамтылған. Айтулы шараға жергілікті кәсіпкерлер Закир Муминов, Қадыр Зулуфов  демеушілік көрсетіп, елге ортақ қуанышты еселепті.
Оқырмандар үшін: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңір басшысының бастамасымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы аясында өткен жылы ауылдық округте көпшіліктің көмегімен 14 тұрғын үй пайдалануға берілсе, биылғы жылдың 11  айында  8 азамат қоныс тойын тойлады.