Өнерімен өрге жүзген ақын

Өнерімен өрге жүзген ақын

Тірлікте мынау көгімнен күнім нұр төккен,
Елім бар ерен еңбектің шоғын үрлеткен.
Еңбегімен көркейтіп жерін гүлдеткен,

Ерлерге мәңгі қараймыз ізгі құрметпен,-деп жырлаған жергілікті ақын Жанатбек  Тұрғынбаев сөз өнерін қадір тұтқан талантты ақын.

Жуырда Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын-сазгер Жанатбек Әшімұлы аудандық тарихи-өлкетану музейінде қонақта болып, жастармен кездесті.
Кездесуді музейдің әдіскер-ұйымдастырушысы Айнагүл Мамытбекова жүргізіп тұрды. Қазақстан

Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында ұйымдастырылған іс-шарада №1 мектеп-гимназия оқушылары Жұлдыз Нышанова, Рамазан Көбейсін ақынның  «Бір гүлге», «Болмасын соғыс, болмасын» өлеңдерін нақышына келтіре оқыса, аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары Гүлназ Әлімқұлова, Нұрғали Нұрбаевтар тіл туралы терме, «Мәңгілік Ел» әндерін төгілте орындады.
Кеште ақынның сөзіне жазылған «Сұңқарлар» әнінен бейнеүзінді көрсетілді.
Сонымен қатар, кештің кейіпкері Жанатбек Әшімұлы шығармашылығы жайлы сөз қозғап, өлеңге, өнерге құмартқан кезі, болашақ жоспарлары туралы әңгімеледі.
Сұрақтарға жауап беріп, жастарға арнау өлеңін оқыды. Ақындықпен қатар, ән шығарып, сурет салатын, мүсіндеу ісімен айналысатын Ж.Тұрғынбаев музейге өз қолынан шыққан картиналарын  сыйға тартты.
Кездесуде аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Иманова, ақын Асан Әлмақашұлы, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Өсер Нұрбаев сөз сөйлеп, ыстық ықыластарын білдірсе, ақын туып-өскен орта Ынтымақ ауылдық округінің әкімшілігі тарапынан сый-сияпат жасалды. Келелі кездесу естелік суретке түсумен аяқталып, музей ішіне экскурсия жүргізілді.