Ауылының атын аспандатқан рухани байлық иесі

Ауылының атын аспандатқан рухани байлық иесі

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Ең үздік ауыл кітапханасы» облыстық байқауын өткізуде.  Аталмыш байқауға қатысып отырған аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Ынтымақ ауылдық кітапханасы «Ауылының атын аспандатқан рухани байлық иесі» тақырыбында оқырман бенефисін өткізді.
Бенефис қонағы ауыл билері алқасының төрағасы, еңбек ардагері, жергілікті ақын, жазушы Асан Әлмақашұлы болды. Оқырман жұртшылыққа «Жыр жылуы жүректің», «Ырысты мекен - Ынтымақ», «Мәдімар болыс», «Өнегелі өмір», «Перзент», «Қолтаңба» атты кітаптарымен белгілі ақын бүгінгі таңда

Ынтымақ ауылдық кітапханасының белсенді оқырманы, елдің рухани, мәдени өмірінің өркендеуіне атсалысып жүрген қария. Қазіргі таңда, жырлары мен түрлі тақырыпта жазылған мақалалары облыстық және аудандық газет беттерінде жарық көріп тұрады. Домбыра, мандолин тартумен әуесқой сазгер болашақ ұрпақ үшін ауадай қажет шежіре жазуымен де айналысады. Кездесу барысында мектеп оқушылары ақынның өлеңдерін жатқа оқып, Асан Әлмақашұлы өзінің балалық шағы, кітаптың өміріндегі рөлі туралы айтты. Жиылған көрермендердің тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Іс-шараны ұйымдастырушысы Ынтымақ ауылдық кітапханасының кітапханашысы Айтолқын Татыбекова тақырыпты толық ашып, жиналған ауқымды мәліметтерді ортаға салып, Асан ағаның «Жанымның жақын досы - кітап» атты кітап көрмесімен таныстырды. Бенефистің бас кейіпкерінің әдебиеттеріне шолу жасап, өмірі мен шығармашылығы жайында толық дерек беретін бейнероликті көрермен назарына ұсынды.
Мың бұралған бишілердің өнерімен ашылған іс-шара Құлпынай Жабаеваның орындауындағы Мәдімар ауылының әнұранына айналған Асан Әлмақашұлының «Ауылым менің - Мәдімар» әнімен аяқталды.
Кеш соңында Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Елеусізқызы және аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Салтанат Умирбекова тамаша өткен кездесуден алған әсерлерімен бөлісіп, өз тараптарынан алғыстарын білдіріп, сәттілік тіледі.