Қарттар - тарих, қазына, ел тарихы

Қарттар - тарих, қазына, ел тарихы

Аудандық балалар шығармашылығы және тәрбие орталығының «Шебер қолдар» үйірмесінің жетекшісі Зухра Салиева және  «Жас сарбаз» үйірмесінің жетекшісі Жалғас Алданбек үйірме оқушыларымен «Қарттар-тарих, қазына, ел қазығы» атты шара өткізді. Оқушылардың бойына халқымыздың қадір-қасиетін сіңіру, үлкенді сыйлай білуге, өз ата-бабасын ұмытпай, есте сақтауға және аталы сөзден ғибрат алуға тәрбиелеу мақсатында, ауылда тұрып, көптеген шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық қызмет атқарған Оразалы Ермекеновтың шаңырағында қонақ болды.

Оқушылар өздерінің өнерлерін көрсетіп, құттықтау сөздерін айтып, әкелген сый-сыяпатын табыс етті. Оразалы Ермекенов балаларға өз тәлім-тағылымдарын айтып, өнегесін көрсетті.

Кездесу барысында үйірме жетекшілері және оқушылар қарияға сауалдарын қойып, керекті жауаптарын алды.
Соның ішінде, «Шебер қолдар» үйірмесінің оқушысы Жазира Рахат «Сіздердің жастық уақыттарыңыз бен қазіргі таңдағы жастардың қандай айырмашылығы бар?», - деген сұрағына қарт ұстаз «Бүгінгі таңда,  жастарымыз бақытты. Біздің заманымызда қазіргідей мүмкіндіктер болған жоқ. Жастық шағымызда мектептеріміздің кабинеттерінің бірінде жылу болса, екіншісінде болмаушы еді. Үйімізден мектебімізге дейін бірнеше шақырым жолды жаяу жүріп баратын едік. Қазір мектептерде жылу қондырғылары орнатылып, барлық жағдайлар жасалынған. Осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, жақсы оқыңдар, өсіп-өніңдер, үлгілі жастар болыңдар. Біз сендерге сенім артамыз», - деп қариялық кеңесін айтты.
Өнегелі ұстаздың шаңырағында болған кездесуде Оразалы Ермекенов ұйымдастырушылар мен оқушыларға алғыс білдіріп, ақ батасын берді.