Саулық - сақтықта!

Саулық - сақтықта!

Бұл дөңгеленген дүниені дүр сілкіндірген дерттің адамзат баласы үшін аса қауіпті екенін білдіреді. Бұдан қалайда сақтанбаса болмайды. Сондықтан, ел ішінде түрлі сақтық шаралары қолға алынғаны белгілі. Қоғамның ең басты құндылығы адам десек, оның бас амандығы үшін кепіл мемлекетке әрбір қазақстандықтың денсаулығы аса маңызды. Ал қалыпты өмірімізге қайта оралу үшін екпе салдырудың маңыздылығы күн санап артып келеді. Вакцинация туралы түрлі әңгімелер айтылғанымен, індет өршіген сайын оны жеңудің бірден-бір жолы екпе алу керек екендігін адамдар түсінген секілді. Тарихқа зер салсақ, вакцинациялау көптеген инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында ертеден-ақ қолданылып келе жатқан тәсіл. Мәселен, оба, шешек сынды індеттерді екпе егу арқылы жеңуге қол жеткізілген. Әлем алдында тұрған міндет - COVID-ті жеңу. Ол үшін жаппай вакцина алу керектігі айтылуда. Қауіпті індеттің бетін қайтару мақсатында елімізде жан-жақты шаралар қабылданып, жұмыстар атқарылуда. Мәселен, ауданымызға қарасты барлық елдімекендерде КВИ-мен ауырып жатқандар қатары азаймай отыр. Өршіп тұрған індетке қарамастан жарыса той жасап, заң бұзушылыққа барып жатқандарға қатаң шара қолданудың уақыты келіп жетті деп ойлаймыз. Мемлекет басшысы жақындарымызды сақтау үшін, қоғамдық иммунитетті қалыптастыру үшін қоғам өкілдерін вакциналауды дұрыс тұрғыда насихаттауға шақырды. Жаһанды жайлаған індетпен күрестің ең тиімді де дұрыс жолы – оған қарсы жаппай екпе салдыру, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру. Талап пен тәртіпке бағына отырып, әрқайсымыз екпе алып, төңірегіміздегі туған-туысқандардың да екпе алуы үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз керек. Өйткені вакцинациялау ұжымдық иммунитетті қалыптастыратындығын дәрігерлер мен ғалымдар ұдайы айтып жатыр. Қазіргі таңда екпе салдырып жатқан адамдардың саны да артуда. Аурудың таралуына жол бермеу үшін осындай жауапкершілікті әрбір азамат сезінуі тиіс. Сонда біз халық болып вирусқа қарсы тұра аламыз. Мұнымен қатар, қауіпті індеттен қорғанудың жолы - қоғамдық орындарда бетперде тағу, жеке гигиеналық талаптарды сақтау, көпшілік жиналатын тойлар мен мерекелік іс-шаралардан бас тарту. Отбасының, ел-жұрттың, қоғамның амандығы әрқайсымыздың қолымызда екендігін жадымыздан шығармайық. Жанер Атаманұлы, Сарыкемер ауылы