Күмбірле, қоңыр домбыра!

Күмбірле, қоңыр домбыра!

Ұлттық домбыра күніне орай, аудан орталығындағы Ақәділ Суханбаев атындағы балалар саябағында “Қос ішектен шертіледі шежіре” атты домбыра-party ұйымдастырылды.
Домбыраның қос ішегі мен көмейінен халықтың қуанышы мен қайғысы, арман–мүддесі, тарихы күй болып төгіледі. Сол себепті домбыра – қазақтың үні.
Аудандық “Шолпан” ән-би ансамблінің домбырашылары Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина, Сүгір, Шернияздың туындыларын,  халық күйі “Жайма қоңыр” күйін нәшіне келтіріп орындаған соң кезек әнге берілді. Әншілер Гүлназ Әлімқұлова  халық әні “Айқаракөзді”, Айдын Тілебалдиева “Туған жер”, Салтанат Тұрлығұлова “Ауылымды сағындым”, Мәдібек Нұрасыл “Ойжайлау”,  Амангелді Тлепов халық әні “Ақсұңқарды”,  Марлен Көпешов “Тау ішінде” әндерін әуелете шырқап, көпшілік құрметіне бөленді.  Күйші  Панабек Ахметов қызы  Кәусар екеуі  композитор Ә. Желдібаевтың “Ерке сылқым” күйін  шебер орындаса, жас әнші Элизат Әнуарбек халық әні “Ақеркені” тамылжыта орындап, жиналғандардың ыстық ықыласына бөленді.

“Нағыз қазақ - қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра” деп Қадыр Мырза Әлі  айтқандай, Ұлттық домбыра күні кеңінен ұлықталды.
Айрықша атап өтетін жайт, Тараздағы ҚР Тұңғыш Президент саябағында Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, ауданымыздағы Кенен Әзірбаев атындағы балалар саз мектебінің оқушысы, бірінші республикалық «Арт-Керуен» байқауының жеңімпазы Дамир Руслановқа (мұғалімі Рауан Жексембі)  домбыра сыйлады. Дамир Дәулеткерейдің «Көрұғлы» күйін шебер орындап, тыңдармандарды өнерімен тәнті етті.
Домбыра - қазақ елінің көнекөз шежіресі. Ұлттық кодымыздың айнымас бөлігі. Қазақ халқының жан серігі, рухани азығы болып саналатын киелі домбыра күні көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.