Мұражай - тарихты танытатын құндылық

Мұражай - тарихты танытатын құндылық

Тарих – өткенге сабақ, келешекке-өнеге. Осы орайда ата-бабамыздың ғибратты ғұмырын әйгілейтін мұраларды көздің қарашығындай сақтап, жас ұрпаққа мұра етіп қалдыруда мұражайдың алар орны ерекше. Мұражай – ғылыми, мәдени-тарихи орталық. Ол бірнеше дәуірдің тарихын, этнографиясын, тарихи тұлғаларын, өнерін ұрпақтан ұрпаққа жалғап отыратын мәдени орын.
Жыл сайын 18 мамыр күні дүние жүзінің мәдени қауымдастығы Халықаралық мұражайлар күнін атап өтеді. Мәдени мұралар мен ұлттық құндылықтарды сақтаушылар және насихаттаушылардың осынау кәсіби мерекесі қарсаңында аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Өсер Нұрбаевпен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Өсер Әбдіжәлілұлы бұл қызметке келгеніңізге біршама уақыт болды. Мерекелеріңіз құтты болсын. Музей саласында жұмыс жасаудың өз қиындығы бар шығар?

– Рақмет. Әрине бұл саланың да қызықты тұстары өте көп екен. Кешегіден қалған көне жәдігерлерге қарап ата-баба жүріп өткен тарихи жолдар көз алдыңа келеді де тұрады. «Өз тарихын сыйламаған халық, өзін де сыйламайды» деген даналық бар ғой. Бір сәт мына бір қым-қуырт тіршіліктен босап, музей аралаған миыңды тынықтырып, жаныңды рухани байыта түседі екен. Ал, бұл саланың тұла бойына тереңірек үңіліп, зерттей түссең тіпті тамаша.
Жалпы мұражай, яғни музей, (грек тілінде museіon – муза сарайы) – тарихи-ғылыми дерек ретіндегі ескерткіштерді, өнер туындыларын, мәдени құндылықтарды, тағы басқа мұраларды сақтап, жинақтап, ғылыми-танымдық қызмет атқаратын мекеме. Мұражай – қаншама ғасыр қойнауынан бізге жеткен жәдігерлерді сақтаушы тылсым орын, адамзат жасаған ерекше өнер туындыларын жинақтаған жер. Оның пайда болу тарихына көз жүгіртер болсақ, ол алғашында бағалы бұйымдар мен заттар, мәдени жәдігерлерді сақтайтын қазыналық қор ретінде қалыптасқан көрінеді. Музейлердің қалыптасуына көне замандардағы коллекциялар негіз болған. Ежелгі Рим шешені Марк Туллий Цицерон: “Коллекция – шашыранды заттарды бір топқа біріктіру”, - деп түсіндірді. Деректерге сүйенсек, коллекциялау ісімен Аристотель, Рим патшасы Юлий Цезарь, тағы басқалар айналысқан көрінеді. Еуропада тарихи мұражайлар ХVІ – ХVІІІ ғасырларда пайда болды. Мұражайдың қалыптасуы ұлттық сана-сезімді оятуға, мәдени-саяси идеяларды насихаттауға көмектесті. Мұражайлар негізгі бaғыты тұрғысынан бірнеше топтарға бөлінеді: тарихи мұражайлар, көркемөнер, жаратылыстану, техникалық мұражайлар, кешенді мұражай, мемориалдық мұражай.
Қазақстанда мұражай тарихы 1830 жылдан басталды. Орынборда жергілікті халықтың тарихы мен этнографиясын сипаттайтын мұралар негізінде 1831 жылы Неплюев әскери училищесі жанынан губерниялық мұражай ашылды. Бұл мұралар қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұражайының негізгі қорын құрауда. Қaзақстанда 1913 жылы – 3, 1927 жылы – 6, 1937 жылы – 19, 1939 жылы – 25, 1970 жылы – 29 мұражай болса, қазіргі таңда мұражайлардың саны екі жүзден асады.

– Соңғы жылдары мәдениет саласына, соның ішінде кітапхана, музейге мемлекет тарапынан көп көңіл бөлінуде. Бір ғана аудандық музейді алар болсақ, бүгінде біршама тірліктер атқарылғанын байқауға болады.

– Иә, «мұражайы мен мұрағаты бар ел – келешегін ойлаған ел» дейді ғой. Осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде бастау алған «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында 3 млн. 372 мың теңгеге музей ғимаратына қосымша екі бөлме салынып берілді. Мекеме алды абаттандырылып, арба мен диірмен тастар, балбалтастар қойылды. Көрнекілік құралдары - «лайтбокс», стела ілініп, аудан орталығының ажарын аша түсті. Сонымен қатар, музейдегі жәдігерлерге QR-код орнатылған. Бұл дегеніміз музейге келушілер бұдан былай планшет, смартфон, айфон секілді гаджеттердегі арнайы бағдарламаны сканерлеп, қазақ, орыс тілдерінде жәдігерлер жайлы толық мағлұмат ала алады. Ал, жуырда музейімізде жағымды жаңалық орын алды. Бізде енді «аудиогид» қызметі жұмыс істейді. Яғни, келушілер өз қалауы бойынша «аудиогид» қызметіне жүгіне отырып, музей ішін аралауларына болады.
Мұнымен қоса Байзақ баба, Айша бибі, Қарахан баба, Тектұрмас кесенелерінің шағын макеттерін жасаттық. Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаевтың Қарасу ауылындағы туып-өскен үйі музей ретінде беріліп, оның айналасы абаттандырылды.
Ғылым мен техника дамыған мына заманда халықтың сұранысы да арта түскені белгілі. Біз де сол талапқа сай қызмет етсек дейміз. Болашақта бұдан да үлкен жоспарларымыз бар. Аудан басшылары қолдау білдіріп жатса, ол жұмыстардың да куәсі бола жатарсыздар. Қолдау демекші, музей ісінің өрге домалауына аудан басшылары, аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйытқы болғанын атап өткім келеді. Сонымен қатар, осы салада тәжірибелері бар ардагер аға-апаларымыз Әбуталып Көшбаев, Тамара Мирамова, Д.Төлепбергенов және өкінішке орай жақында ғана жарамыздан кеткен, жақсы азамат Сапар Қалмұратовтың еңбегі зор. Міне, сол кісілердің ізін жалғай музейімізде білікті мамандар Төле Наржанов, Сания Мекемтасқызы, Айдана Шотбасова, Айнагүл Мамытбекова, Жамал Абдрахманова елеулі еңбек етіп келеді.

– «Аудиогид» қызметі ерекше қызықтырып тұр. Олай болса, аудандық музейдің залдарына шолу жасап кетсеңіз.

– «Аудандық тарихи-өлкетану музейі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны Байзақ ауданы әкімінің 2010 жылғы маусым айының 14-і күнгі №377 Қаулысы бойынша құрылды. Жалпы аудандық музей бес экспозициялық залдан тұрады. Археология залында аудан аумағында жүргізілген көптеген археологиялық экспедициялардың нәтижесінде табылған ортағасырлық архитектуралық көрінісі бар құрылыс заттары, сәулет өнерінде қолданған қабырға кірпіштері, тұрмыс заттары, су құбырлары тағы басқа археологиялық жәдігерлер қойылған. Этнография залында қазақ халқының тұрғын үйі – киіз үй және оның жабдықтары, дәстүрлі қолөнер бұйымдары, көшпенді қазақ халқы қолданған ас үй бұйымдары қойылған. Үшінші зал аудан тарихына арналған. Свердлов ауданын Байзақ ауданына өзгерту туралы Елбасы Жарлығы, Байзақ ауданының құрылу тарихынан сыр шертетін тарихи даталар, мақалалар, фотосуреттер, жалпы аудан тарихына байланысты ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосқан азаматтар: ауданның әр кезеңдеріндегі басшылары, белсенділері, халық қалаулылары, Еңбек Ерлерінің суреттері, тұрмыс заттары, сондай-ақ, залдың бір бөлігінде Кеңес заманында қолданыста болған тұрмыстық бұйымдар бар. Кеңестік кезеңдегі, Қазақстанның Тәуелсіз мемлекет ретіндегі алғашқы банкноттары, шет ел валюталары да өзіндік орынға ие. Бұл залда мұнымен қатар, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған арнайы бұрыш бар. Даңқ залы – Еңбек Ерлері және Ұлы Отан соғысының Батырларына арналған. Сондай-ақ, мұнда Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаевқа панорама жасалған. Мәдениет және өнер залында Байзақ ауданынан шыққан қазақтың маңдайалды азаматтары, ғылым, білім, спорт, өнер саласына еңбегі сіңген, мемлекеттік мәртебеге ие болған қайраткерлердің өмір тарихы, фотосуреттері, шығармалары орналасқан. Ал, жуырда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру және Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай «Бірлік. Татулық. Ынтымақ» атты бұрыш ашылды. Онда елді мекенімізде тұратын кәріс, түрік, орыс, неміс этномәдени бірлестіктерінің тұрмыстық заттары, киімдері қойылды. Осы істе бізге қолдау білдірген аталмыш бірлестік басшылары Наталья Шин, Мехия Раджамов, Любовь Горр, Варвара Найденоваға айтар алғысымыз шексіз.

– Сөзіңіздің басында музейді жиі аралап тұру керек екенін айта кеттіңіз. Жалпы музейге келушілер көп пе? Жәдігерлерді қалай жинайсыздар?

– Сұрағыңыз орынды. Бүгінде халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Әрбір адам өзіне не қажет екенін білетін заман болды ғой. Музейге келушілер жылдан жылға көбеймесе, азайған жоқ. Әсіресе, жастар жағы көрсем, білсем, ұғынсам деп тұрады. Соған қарап ерекше риза болып қалады екенсің. «Мұнда көретін дүниелер көп екен. Жастық шағымыз еске түсіп кетті ғой. Мына заттарды кезінде әке-шешелеріміз тұрмыста қолданған еді. Мұндай ескі бұйымдар біздің үйде де бар. Соны әкеліп берсем бола ма?» - дейтін азаматтар табылып қалады.
Сонымен қатар, жыл сайын «Музейге-сый» акциясын ұйымдастырып, осының негізінде тұрғындар өздері келіп, жәдігерлерін сыйға беріп жатады. Осы ретте, акцияға қолдау көрсеткен азаматтардың есімдерін ерекше атап өткен жөн болар: Зәтекүл Молдабаева, Серік Балабеков, Маратбай Өскенбайұлы, Аят Әбілдаев, Гүлназ Әлімқұлова, Төлжан Рахманов сынды музей жанашырларына шынайы алғысымызды білдіреміз.
Ретін пайдалана отырып, барша аудан тұрғындарына үйде жатқан, кезінде қолданыста болған көне бұйымдарыңызды құр шаң басқызып қоймай, бізге әкеліп, ел-жұрттың, кейінгі жастардың көруіне ықпал етіңіздер демекшімін.

– Әңгімеңізге рақмет. Жұмыстарыңыздың жемісін көре беріңіздер.