Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ескерткіші ашылды

Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ескерткіші ашылды

Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы “Жеңіс” саябағында Халық қаһарманы, полиция капитаны, тұрғындардың қауіпсіз өмірі үшін жанын қиған азамат Ғазиз Байтасовқа және ел тыныштығы үшін қызмет жағдайында қаза тапқан ержүрек полицейлерге арналып ескерткіш-бюст ашылды.
Ескерткіштің ашылу салтанатына Ішкі істер министрлігінен жауапты, облыс әкімі бастаған зиялы қауым, ардагерлер мен ішкі істер қызметкерлері, журналистер, батырдың отбасы мүшелері және қала тұрғындары қатысты.Ескерткіштің іргетасы биыл 17 наурыз күні облыс басшылығының және Тараз қаласының сол кездегі әкімі Айтқазы Қарабалаевтың басқаруымен қаланған болатын.
Ғазиз Байтасовтың туған күніне орай, яғни 3 сәуірге құрылысы аяқталған ескерткіш-бюсті облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғали Заппаров ашты.
– Осыдан 10 жыл бұрын батыр азаматымыз Ғазиз Байтасов тұрғындардың тыныштығы үшін дұшпанмен айқасып, жанын қиды. Батырға сол кезде Елбасы – еліміздің Тұңғыш Президентінің Жарлығымен “Халық қаһарманы” атағы берілген болатын. Ғазиз бұл құрметке әбден лайық. Ол өзінің патриот, жауапты маман екенін, жауынгерлік антына берік екендігін дәлелдеді. Бүгін – Ғазиз Байтасовтың туған күні. Тірі болса, ол 50 жасқа толар еді.
– Бұл – Байтасовтың жасаған ерлігіне тағзым. Батырдың ерліктері жас ұрпаққа өнеге болуы үшін жасөспірімдерге патриоттық тәрбие беру қажет. Біз Ғазиз Байтасовтың ерлігін ешқашан ұмытпаймыз, - деді Бердібек Сапарбаев.
Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғали Заппаров: “Қадірлі жамбылдықтар! Жерлестеріңіз Халық қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасов – нағыз ерліктің үлгісі. Байтасовқа еліміздің ішкі істер министрлігінің музейінде “Даңқ” бұрышы, Қазақ мемлекеттік университетінде арнайы аудитория ашылған. Тәуелсіздік жылдарының ішінде 800-ге жуық полицей Отанымыздың тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында жандарын қиды. Полиция саласы – өте қатерлі де, жауапты сала. Сол жауапкершілікті еліміздің барша полицейлері абыроймен атқарып келеді. Оның ішінде жамбылдық полицейлердің де қажырлы еңбектерін ерекше атап өткім келеді. Еліміздің ішкі істер министрінің тапсырмасымен бүгінгі іс-шараға келіп, ерлікке құрмет көрсетіп жатырмыз. Елдің тыныштығы ұзағынан болып, еңбектеріңіз жана берсін. Жамбыл жерінде батырлар, отаншыл азаматтар көбейе берсін, - деді.
Мұнан соң батырдың ерлік рухына арналып салют атылды.
Облыстық мәслихат хатшысы М. Сарыбеков өз сөзінде ХХ және ХХІ ғасырлар батырлары Бауыржан Момышұлы мен Ғазиз Байтасовтың ерліктерін байланыстырды. Қос тұлғаға да отанына деген шексіз сүйіспеншілік қасиеті дарығанына баса мән берді. Ғазиз жасаған ерліктің ешқашан ескірмейтініне, жас ұрпаққа үлгі бола беретініне тоқталды. Артынша депутаттық корпус атынан ескерткіш ашу ісін қолдаған облыс басшылығы, ішкі істер органдары мен меценаттарға алғысын жеткізді.
Полиция департаментінің басшысы Жанат Сүлейменов Ғазиз Байтасовтың ерлігі барлық полицейлер үшін үлгі екенін баса айтты. Батыр есімі ұмытылмайтынын және ерлікпен көз жұмған полицейдің отбасына жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізді.
Жиын соңына қарай Ғазиз Байтасовтың зайыбы Гүлжамал Тәжиева сөз алып, жергілікті билік өкілдері, құқық қорғау органдары мен тұрғындардың көрсеткен қолдауын ерекше атап өтті.
– “Тірі болса Ғазиз бүгін ердің жасы 50-ге толатын еді. Екі ұлын еркелетіп, ортамызда отырар еді. Әулетінің ғана емес, Ғазиз - халықтың ұлы. Ол барлық қазақстандықтар үшін батыр болып қала береді”, - деді Гүлжамал Тәжиева.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен еліміздің ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғали Заппаров бастаған зиялы қауым өкілдері, марқұмның жары, ұлдары және қала тұрғындары ескерткіш-бюстке гүл шоқтарын қойып, ерлікке құрмет көрсетті.