"Менің елім – жасыл мекен"

"Менің елім – жасыл мекен"

Көктемгі тазалық науқаны басталғалы байзақтықтар жұдырықтай жұмыла сенбілікке шығып, тазалық жұмыстарын атқаруда. Апта сайын жүргізіліп жатқан жалпы аудандық сенбілік жұмыстарынан бөлек, аудан айналасын санитарлық тазалау жұмыстары үздіксіз жасалуда. Тағы бір айта кетерлігі, дәл осы көктемгі тазалық күндері қарсаңында тал отырғызу жұмыстары да қолға алынуда. Бұндай игі шара бүгін «Байзақ баба» кесенесінің маңында ұйымдастырылды.
Еліміз бойынша бастау алған «Менің елім – жасыл мекен» республикалық акциясы Байзақ ауданында жалғасын тапты. Аталмыш шара аудан әкімдігінің 2021 жылғы 23 ақпандағы «2021 жылдың 1 наурызынан 1 мамырына дейін қоғамдық орындарды абаттандыру және сыртқы безендіру екі айлығын өткізу туралы» №55 қаулысына сәйкес жүзеге асырылды.
Бұл іс-шараға аудан әкімі Нұржан Нұржігітов пен оның орынбасарлары, аудандық мәслихат депутаттары, ауыл, ауылдық округ әкімдері, бөлімдер мен мекемелер басшылары, аудандық ардагерлер кеңесі, жекелеген ұйымдар, қоғамдық бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері қатысты.
Акция барысында оған қатысушылар жалпы аумағы 7,5 гектар жерге 5 340 дана әр түрлі жеміс және сәнді ағаштар, атап айтқанда, алма, ясень (ерен), қара ағаш көшеттерін отырғызды. Алдағы уақытта мұнда мемлекет қаражаты есебінен 4,5 млн. теңге қарастырылып, тамшылатып суару құрылғысы орнатылатын болады. Кесене маңайына отырғызылған ағаш көшеттері осы құрылғы арқылы суарылып, болашақта мәуелі баққа айналдыру жоспарланған.
– «Байзақ баба» кесенесінің маңайына түрлі жеміс және сәнді ағаштардан 951 дана көшеттер егілді. Бүгінгі күнге 151 түп жеміс ағашы, 301 түп ясень (ерен) ағашы және 499 дана қара тал көшеттері отырғызылды, - дейді Жаңатұрмыс ауылдық округінің әкімі Асқар Прманов бізге берген сұхбатында.
Сонымен қатар, осы ағаш отырғызу акциясына ауыл, ауылдық округтер де белсенді түрде атсалысып, «Азия климат сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен жалпы құны үш миллион теңгеге 8 гектар жерге 40 000 дана ағаш көшеттері отырғызылды.
Айта кету керек, карантин кезінде өткерілген сенбілік барысында барша қатысушылардың қауіпсіздігі ескеріліп, сақтық шараларына баса мән берілді.