Тұрақтылықтың негізі - ұлттық бірегейлік

Тұрақтылықтың негізі - ұлттық бірегейлік

Қазақ халқы елдікке, соның ішінде ел берекесінің тұрақты болуына аса мән берген. Ата-бабамыз: «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп ынтымаққа шақырып қана қоймай, «Бірліксіз ел тозады, бірлікті ел озады» дегенді де ескертеді. Сан ғасыр бойы мәңгілік жалғастығын тауып келе жатқан қазақ халқындағы осы бір қасиетті үдеріс бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның да басты қағидасына айналды. Ол – Қазақ елі тәуелсіздігінің мәңгі мызғымастығының негізі дер едік.
ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылы жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы басты бағыттың бірі – ұлттық бірегейлікті сақтау. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдарынан бастап, біздің көпэтносты еліміздегі татулық пен келісімді сақтауға, дамытуға, қауіпсіздігі мен бейбітшілігін қорғауға бар күш-жігерін салып, этносаралық және конфессияаралық тұрақтылық пен ынтымақты, келісім мен саяси тұрақтылықты сақтау ісіне, жіті көңіл бөліп келеді.
Ал ұлттық бірегейліктің негізгі белгілері: ұлттық дәстүр, ұлттық тәрбие, дін, тарих, тарихқа құрмет, ұлттық өнер, туысқандық дәстүр, қоғамда, отбасында ұлттық құндылықтардың сақталуы, заман талабына сай икемділік, білімділік, ғылымның мемлекетке тигізер пайдасын бағалау.
Мәселен, «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген керемет мағыналы сөз бар. Бұл аталы сөз ұлтты ұйыстыруға ұлттық бірегейлікке, елдік пен ауызбіршілікке үндейді. Себебі, ұлттық бірегейліктің түп-тамыры әрбір отбасындағы ұлттық дәстүрден бастау алады. Әрине, жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты жоғалтпай, бабадан балаға мирас болып жалғасқан ата дәстүрді ұмытпаған абзал.
Ал ұлттық бірегейлік болмаса не болады? Ұлттық бірегейлік болмаса, тұлғалық бірегейлік болмайды. Тұлға болмаса, тарих та болмас еді. Яғни, ғасырлар бойы қалыптасатын мемлекеттің негізгі құндылықтары – дәл осы тұлғалық қасиет пен ұлттық құндылықтан тұрады.
Мемлекетімізде өмір сүріп жатқан ұлттар саяси, экономикалық, әлеуметтік бірлік негізінде әрекет етуде. Ұлттардың жан-жақты жетілу процесінде интернационалдық қасиеттердің дамуымен қатар ұлттық сипат та жетілуде.
Қазақстанда жалпы мемлекеттік және ұлттық мүдделердің бірлігі, ұлтаралық қатынастың үйлесімді сабақтасуы айрықша мәнге ие болып отыр. Қазіргі уақыттағы ең басты мәселе азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім, халықтар достығы, ынтымақтастық пен бауырластық мәселелерін нығайту, экономикада орын алып жатқан дағдарысты жою, әлеуметтік шындық, сөз бен істің үйлесімділігі сияқты принциптерді жүзеге асыру жолдарын іздестіру болып табылады.
Осыған орай, «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту, этносаралық қақтығыстардың алдын алу мақсатында Бурыл ауылында «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты диалог алаңы өткізілді. Іс шараға Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сержан Қуанышев, ауыл тұрғындары және өзге ұлт өкілдері қатысып, ойларымен бөлісті.

Әлібек Қуанышев,
Бурыл ауылдық округінің әкімі.