Жұмысшы топ ауданымызда болды

Жұмысшы топ ауданымызда болды

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы Вице-министрі Нұрбек Дайырбеков бастаған құрамында аталмыш министрлік өкілдерінен құралған жұмысшы тобы үш күндік іссапармен облысымызға келген болатын. Сәрсенбінің сәтінде аталмыш топ мүшелері жұмыс сапарымен ауданымызға келіп, оларды аудан әкімі Нұржан Нұржігітов қарсы алды.

Нұрбек Слямханұлы бастаған топ алғашқы іссапарын «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасы аясында, Қостөбе ауылдық округіндегі «Қостөбе – 2019» ауыл шаруашылығы кооперативінің техника тұрағымен танысудан бастады. Бүгінгі таңда, 2019 жылы кооперативке біріккен шаруалардың еңбектері өз нәтижелерін көрсетіп отырғаны жайында Қостөбе ауылдық округ әкімі Дәурен Тәжібеков баяндап берді. Ауыл әкімі пилоттық жобаның бес бағыты бойынша атқарылған жұмыстар, жұмсалған қаражаттың тиімді игерілуіне ерекше тоқталды.
- Ең алдымен, ауылдық округтегі 256 азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, міндетті зейнетақы, салық және басқа да төлемдерді төлейтін жеке кәсіпкерге айналды. Екіншіден, ауыл сыртындағы 235 гектар пай жерлерін біріктіріп, 34 шаруа қожалығы мен 256 жеке кәсіпкер ауыл шаруашылығы кооперативін құрып, бір ұжымға бірікті. Үшіншіден, мал басы бар аула саны 54 пайыздан 73,2 пайызға артып, малы жоқ аула саны 256 аулаға қысқарды. Төртіншіден, ауылдық округ тұрғындарының 97 пайызы жеке қосалқы шаруашылықпен айналысып отыр. Бесіншіден, сүт және ет бағытындағы екі қайта өңдеу кәсіпорындарының орташа жүктемесі 20 пайызға артса, алтыншыдан, кооператив мүшелеріне мал азығы өзіндік құны бойынша сатылды. Жетіншіден, ауылдық округте ауыл шаруашылығының жалпы өнімі жыл қорытындысымен 30 пайызға өсті, - деген Дәурен Бейсенбекұлы пилоттық жобаның негізгі екі нәтижесін бөлек атап өтті. Осы жобаның арқасында 2019 жылы ауылдық округ бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 146 отбасы (663 адам) болса, 2020 жылы 3 отбасы (12 адамды) құраған, яғни, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 49 есеге кеміген. Сонымен қатар, 2019 жылы мұндағы жұмыссыздар саны 264 адамды құраса, 2020 жылы 42 адамға дейін кеміп, жұмыссыздар саны алты есеге азайған.
- Жобаға дейін малы бар әр ауланың жылдық орташа табысы 282 500 теңгені құраса, жоба аясында орташа табыс сомасы 1 миллион 45 мың 250 теңгеге өсті. Яғни, малы бар аулалардың орташа табыс көлемі 3,7 пайызға артты, - деген аудан басшысы Нұржан Нұржігітов жұмысшы топ мүшелері назарына гидропоника құрылғысын орнату жұмыстарының нәтижесін жеткізді. Облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев пилоттық жобаның нәтижесіне қатысты қосымша түсінік берді.
Бұдан соң жұмысшы топ пилоттық жоба негізінде жеке кәсібін ашуға несиелендірілген ауыл тұрғыны Шовкат Шамуратовтың жылдық қуаттылығы 108 тоннаны құрайтын шұжық цехымен және Владимир Лесняк жетекшілік ететін «MOLВID» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт өңдеу цехының жұмыстарымен танысты. Сүт өңдеу цехы 2010 жылы құрылып, қазіргі күнге дейін сүт, айран, қаймақ, май, ірімшік, сүзбе, йогурт сынды сүт өнімдерінің 18 түрін шығаруда. Тәулігіне қуаттылығы 16 тоннаны құрайтын кәсіпорында жиырмаға тарта адам тұрақты еңбек етуде. Кәсіпорын былтырғы жылы ауыл шаруашылығы кооперативтерінен 3 155 тонна, шаруа қожалықтарынан 1 287 тонна, аудан тұрғындарынан 258 тонна, жалпы 4 700 тонна сүт қабылдаған. Аталмыш цехтың өнімдері Алматы мен Тараз қаласындағы сауда орындарына жөнелтіліп қана қоймай, осы қалалардағы емдеу мекемелеріне, балабақшалар мен орта мектептерге жіберіледі.
Бұдан кейін жұмысшы топ мүшелері жоба арқылы несиелендірілген Толқын Төлеулиеваның 15 сотық қосалқы жерге еккен жылыжайына барды. Онда төрт – бес ауыл тұрғындары жылыжай ішін көктемге дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқанына куә болды. Жылыжай иесі келген қонақтарды жылы жүзбен қарсы алып, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың нәтижесі туралы ойымен бөлісті. Есік алдындағы жерді тиімді пайдалана білген Толқын Төлеулиева 15 сотық жерге қияр егіп, 19 тонна өнім алғанын, алдағы уақытта жылыжай аумағын кеңейту жоспарында бар екенін айтты. Ал, пилоттық жобаның шапағатын көрген ауыл тұрғыны Ерлан Итқұлов төмен 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізіп, 5 миллион теңге қаржыға жылқы малы мен тауықтар сатып алғанын жеткізіп, өз ауласындағы қора – жайымен таныстырды. Сүтті сауын сиырды көбейтуді жоспарлаған ауыл тұрғыны Бекен Абдукаримов болса, жоба арқылы 4 миллион теңге несие алыпты. Бүгінде сиырлардың алды бұзаулап, сүтін осы ауылдағы «MOLВID» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт өңдеу цехына әр литрін 130 теңгеден саудалап отыр екен. Жобаның тиімділігіне сенімі артқан ауыл тұрғындары мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан осындай қолдаудың шапағатын көріп отырғандарына шексіз риза екендіктерін айтуда.
«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасы аясында, Қостөбе ауылдық округіндегі атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берген Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы Вице-министрі Нұрбек Дайырбеков бастаған жұмысшы тобы Тараз қаласына аттанып кетті.