Ақылы жол - заман талабы

Ақылы жол - заман талабы

Аудан әкімдігінде «Қайнар - Тараз» жол учаскесінде төлем қабылдаудың ашық жүйесін енгізу мәселелері бойынша қоғамдық тыңдау болып өтті. Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил төрағалық еткен жиынға «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары Дәурен Төлтаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ақылы автомобиль жолдары дирекциясы филиалы директорының орынбасары Еркін Жамкенов қатысты.
Тұрғындармен кездесуде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мамандары «Нұрлы Жол» бағдарламасына сәйкес 2020-2025 жылдары Қазақстанда қауіпсіз және жайлы ақылы автожолдар желісін дамыту жоспарын баяндады. Соған сәйкес жақын арада «Қайнар - Тараз» тасжолында төлем қабылдаудың «ашық жүйесі» іске қосылатынын жеткізді.
Төлем қабылдау жүйесі енгізілген жолдарда тәулік бойы жолды патрульдеу, смарт-жүйелердің көмегімен жол қозғалысының қауіпсіздігін бақылау, төтенше жағдайларда жүргізушілерге көмектесу, жол қабатын жедел жөндеу және тазарту, жол бойындағы инфрақұрылымды дамыту және тағы да басқа жұмыстар қарқынды жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ, ақылы жолдарда жүргізушілер мен жолаушылардың жайлылығы үшін жанар - жағармай құю стансалары, қонақ үйлер, дәмханалар, дүкендер, тегін жылы дәретханалар, душ бөлмелері және басқа да қызметтерді қамтыған демалыс орындары салынуда.
Жиын қатысушылары республиканың басқа өңірлеріндегі ақылы автожолдардағы артықшылықтар мен ақылы жүйенің жұмыс істеу тәртібінен хабардар болғандықтан, қоғамдық тыңдауда көбірек жол бойындағы сервисті жақсарту мен дамытуға қатысты сұрақтарды қойды.
- Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, 2025 жылға дейін 24 мың шақырым республикалық автожолдардың бойын жол сервисімен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
Ұлттық компания демалыс алаңдарын кәсіпкерлерге «жауапты сақтауға» беру тетігін әзірледі және іске қосты. Тек міндетті екі шарт бар: инвестор демалыс алаңының аумағындағы тазалықты қадағалауы және кәсіпкер орнататын павильондар модульді (демалыс алаңдарында күрделі құрылыстар салуға тыйым салынады) және құрамында санитарлық-гигиеналық торап (жылы дәретхана) болуы тиіс. Сонымен қатар, «ҚазАвтоЖол» тарапынан электр қуатын жеткізу, септик орнату қарастырылған, - деп атап өтті Дәурен Алматайұлы.
Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында демалыс алаңдарын «жауапты сақтауға» беру өтеусіз (тегін) негізде жүргізіледі. Жауапты сақтауға арналған демалыс алаңын алу үшін инвесторға ұлттық компания сайтындағы «жол бойындағы сервис» бөліміне кіріп, объектілер санатын таңдап, нысан бойынша қарапайым өтінім қалдыру қажет. Сондай-ақ, өтініш беруші республиканың интерактивті картасында қай жерде бос алаңдар барын қарап, таңдай алады. Әрбір нысан бойынша фотосуреттермен толық ақпарат ұсынылған.
Мысалы, Жамбыл облысында республикалық маңызы бар жолдарда электр жарығы тартылған 10 демалыс орны бар. Бүгінде оның біреуіне әлеуетті инвестор табылды. Ал, қалған 9 демалыс алаңдары бос тұрғанын айта кеткен жөн. Сондықтан «ҚазАвтоЖол» республикалық маңызы бар күрежолдың бойында өз кәсібін ашуға ниетті бизнесмендерді бірігіп жұмыс істеуге шақырады. Бұл ретте, басымдық жергілікті тұрғындарға беріледі.