
Жұмыс сапары аясында вегетациялық кезеңде шаруаларды ағын сумен іркіліссіз қамтамасыз ету және ирригациялық жүйелерді жаңғырту мәселелері қаралды.
Байзақ ауданында министр «Өтеміс», «Сеңкібай» және «Белқожа» шаруашылықаралық каналдар жүйелеріндегі жұмыстарды тексерді. «Өтеміс» жүйесінде жалпы ұзындығы 28 шақырым болатын учаскелерге бетон төселіп, гидротехникалық нысандар жөнделіп және қайта жаңғыртылуда. Жоба іске асқаннан кейін жүйе арқылы суарылатын жер көлемі 5131 гектарға дейін ұлғаяды. Қазір бұл нысан 1626 гектар егістік алқапты суармалы сумен қамтамасыз етіп отыр.
«Сеңкібай» шаруашылықаралық каналында ұзындығы 17,8 шақырым болатын учаске реконструкцияланды. Жалпы 21,8 шақырым канал жаңғыртылады. Барлық жұмысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. «Белқожа» жүйесін реконструкциялау аясында жалпы ұзындығы шамамен 19,5 шақырым болатын учаскелер бетонмен қапталып, гидротехникалық нысандар жаңартылды. Қазіргі уақытта мердігер ұйым анықталған ескертулерді жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жоба аяқталған соң жүйе арқылы суарылатын жер көлемі 2896 гектарға дейін ұлғаяды. Бүгінде нысан 1860 гектар егістікке су жеткізіп отыр.
Одан кейін министр Ислам даму банкінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту» жобасының бірінші кезеңіне кіретін Ново-Михайлов каналының жұмыстарымен танысты. Байзақ ауданында осы жоба аясында жалпы ұзындығы 64 шақырымнан асатын 17 каналды жөндеу және қайта жаңғырту көзделген. Жобаларды 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ал Жамбыл облысы бойынша жалпы ұзындығы шамамен 400 шақырым болатын 71 жоба іске асырылады.
Байзақ ауданында министр сондай-ақ жалпы ұзындығы шамамен 20 шақырым болатын «Сембет» және «Байзақ» магистральдық каналдарын бетондау жобасы аясындағы жер қазу және бетондау жұмыстарымен танысты. Бұл жұмыстар да ЕҚҚДБ-мен бірлескен өңірдің ирригация желілерін жаңғырту жобасы аясында үнемделген қаражат есебінен жүргізілуде.
Сонымен қатар министр МР-3 және МР-4 каналдарын аралады. Қазіргі уақытта жоспарланған 24 шақырымның 13 шақырымында қайта жаңғырту жұмыстары аяқталған. Жобаны жыл соңына дейін толық аяқтау көзделіп отыр. Нәтижесінде 2,4 мың гектар суармалы жерге судың тұрақты жеткізілуі қамтамасыз етіледі.
Тексеріс барысында «Облыста каналдарды бетондау мен реконструкциялау бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағытта үлкен жұмыс атқарылуда. Шетелдік инвестициялар тартылып жатыр. Сонымен қатар шаруалар су үнемдеу технологияларын белсендірек енгізуі қажет. Бұл жүзеге асырылып жатқан жобалардың тиімділігін арттырып, суару кезінде судың ысырабын едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Мемлекет тарапынан бұл үшін субсидиялар түрінде барлық қажетті жағдай жасалған», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.