Президент мемлекеттік марапаттар мен әскери шендер табыстау рәсімінде сөз сөйледі

Президент мемлекеттік марапаттар мен әскери шендер табыстау рәсімінде сөз сөйледі

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік марапаттар, жоғары әскери және арнаулы шендер, сыныптық шендер табыстау рәсімінде сөз сөйлеп, сардарлар мен сарбаздарды Отан қорғаушы күні және Жеңіс күні мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Мемлекет басшысы қос мерекенің мазмұны мен тағылымы ортақ екенін атап өтіп, бұл күндері ел қорғаған батырларға құрмет көрсетілетінін айтты. Президенттің сөзінше, қазақ халқы ежелден ерлік пен батырлықты ту еткен, ел шекарасын найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған қаһарман халық.

– Батыр бабаларымыз ел тағдыры сынға түскен сәтте бір тудың астына жиналып, жұртын жаудан қорғады. Байтақ даланы көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа аманат етті. Осы аманатқа адал болу – біздің қастерлі борышымыз, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айында өткен конституциялық реформаның тарихи маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституцияны қабылдау – ел болашағына тікелей әсер ететін маңызды шешім болды.

Президент Конституция мемлекеттігіміз бен егемендігіміздің мызғымас кепілі екенін айтып, жаңа Ата заңда халықтың мүддесі мен негізгі құндылықтары көрініс тапқанын жеткізді.

– Жаңа Конституцияда егемендік пен тәуелсіздікті қорғау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, халықтың әл-ауқатын арттыру және ел бірлігін нығайту басты қағидат ретінде айқындалды. Сондай-ақ адам капиталын, білім мен ғылымды, инновацияны дамыту стратегиялық бағыт ретінде бекітілді. Осылайша біз Заң мен тәртіп үстемдік құратын, баршаға тең мүмкіндік берілетін Әділетті, Қуатты әрі Өркениетті мемлекет құру жолына бет алдық, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сөз соңында елдің басты мақсаты айқын екенін айтып, халықтың ынтымағы мен бірлігі сақталған жағдайда Қазақстанның барлық стратегиялық мақсаттарына қол жеткізетінін атап өтті.