Қазақстан жан басына шаққандағы ЖІӨ деңгейі бойынша Орталық Азияда бірінші орынды иеленді және Ресей мен Қытайды басып озды. Бұған Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) деректері дәлел.
Халықаралық валюта қорының деректері бойынша 2025 жылы Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ 14 770 долларды құрады. Салыстыру үшін бұл көрсеткіш Ресейде 14 260 долларға, ал Қытайда 13 690 долларға жетті.
Орталық Азияда Қазақстан өңірдің басқа елдерінен едәуір озып келеді. Түрікменстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ 13 340 долларды, Өзбекстанда - 3 510 долларды, Қырғызстанда - 2 750 долларды, ал Тәжікстанда - 1 430 долларды құрады.
Сондай-ақ Қазақстан ТМД елдері арасында Грузия (9 570 доллар), Армения (8 860 доллар), Молдова (8 260 доллар), Беларусь (7 880 доллар), Әзірбайжан (7 600 доллар) және Украинадан (6 260 доллар) озып келеді.
ХВҚ жан басына шаққандағы ЖІӨ-ні ағымдағы бағалар бойынша есептейді, бұл әл-ауқат пен сатып алу қабілетінің жалпы деңгейін бағалауға мүмкіндік береді.
«Қазақстанның мықты позициясы пайдалы қазбалардың едәуір қорына негізделген, ал энергия ресурстары мен шикізат экспорты өсімнің негізгі драйвері болып қала береді», - делінген есепте.
Бұл ретте соңғы жылдары елде шикiзатты қайта өңдеудiң және қосылған құны жоғары өнiм өндiрудiң дамуы байқалады.
Өсімнің қосымша факторлары іскерлік орта реформалары, шетелдік инвестициялар ағыны және инфрақұрылымды жаңғырту болды.
«Көлік, логистика, технология, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтерге инвестициялар ішкі сұраныстың өсуіне және еңбек өнімділігінің артуына ықпал етеді», - деп атап өтті ХВҚ талдаушылары.
Еуропа мен Азия арасындағы негізгі буын болып табылатын Қазақстанның географиялық орналасуы, сондай-ақ елдің «Бір белдеу - бір жол» атты халықаралық сауда бастамаларына қатысуы да маңызды рөл атқарады.
Қордың бағалауы бойынша макроэкономикалық тұрақтылық қалыпты инфляция, теңгенің тұрақты бағамы және теңгерімді бюджет саясаты есебінен сақталады.
«Ұлттық банк пен үкіметтің саясаты жаһандық сын-қатерлер жағдайында да экономикалық тұрақтылықты сақтауға көмектеседі», - делінген есепте.