Асық атудан жарыс өтті

Асық атудан жарыс өтті

Көктал ауылында Наурызнама онкүндігі аясында 20 наурыз – Ұлттық спорт күні ерекше мәнде аталып өтті. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен іс-шара жаңадан қабылданған Конституция аясында ұйымдастырылып, тұрғындардың белсенді қатысуымен жоғары деңгейде өтті.

Мерекелік шараның басты ерекшелігі – қазақтың байырғы ұлттық ойыны асық атудан өткен жарыс болды. Бұл додаға ауыл жастары мен ересек тұрғындар қатысып, өзара мықтыны анықтады. Қатысушылар ептілік пен мергендіктерін сынға салып, ұлттық ойынның көркін қыздырды.

Асық ату – халқымыздың көнеден келе жатқан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл мұраларының бірі. Осындай жарыстар арқылы жас буынның ұлттық ойындарға деген қызығушылығы артып, салт-дәстүрге деген құрметі қалыптасады. Сонымен қатар, бұл шара салауатты өмір салтын насихаттауға да өз үлесін қосты.

Іс-шара барысында ұйымдастырушылар ұлттық спорттың маңыздылығына тоқталып, ел бірлігін нығайтудағы рөлін ерекше атап өтті. Жарыс соңында жеңімпаздар марапатталып, қатысушыларға алғыс білдірілді.

Көкталда өткен бұл тағылымды шара ұлттық рухты көтеріп, Наурыз мейрамының мазмұнын тереңдете түсті.