Байзақта «Жаңару күні» жасыл желекпен басталды

Байзақта «Жаңару күні» жасыл желекпен басталды

19 наурыз – Наурызнама онкүндігіндегі айтулы мейрам «Жаңару күніне» орай Байзақ ауданында ауқымды сенбілік өтті. Табиғаттың оянуы мен тазалықтың символына айналған бұл күнде аудан тұрғындары бір кісідей жұмылып, туған өлкені абаттандыруға атсалысты.
Аудандық орталық саябақта ұйымдастырылған сенбілікке 300-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында мекеме қызметкерлері, ерікті жастар мен ауыл белсенділері бар. Шараның басты мақсаты — қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру және жаңару мерекесін еңбекпен қарсы алу.
Биылғы ағаш егу науқанының ерекшелігі — отырғызылған көшеттердің түрі мен сапасында. Саябақ аумағына барлығы 400-ге жуық жас көшет егілді.100 түп павлония,100 түп қара тал және 30 түп терек ,40 түп арша 130 түп өзге де жеміс және сәндік ағаштар егілді.
«Наурыз — жаңару мен берекенің бастауы. Бүгін егілген әрбір тал ертеңгі ұрпақтың саялар саябағына айналады. Бұл тек тазалық шарасы емес, туған жерге деген сүйіспеншіліктің белгісі», — дейді шараға қатысушылар.
Жаңару күніндегі бұл игі іс Байзақ ауданының экологиялық ахуалын жақсартып, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.