Суханбаев ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті

Суханбаев ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті

Бүгін аудан әкімінің халықпен кезекті кездесуі Суханбаев ауылдық округінде болып өтті. Жақаш ауылдық клубында өткен кездесу барысында аймақ әкімі өткен жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды. Ауылдық округ әкімі Абдулмурат Мадибаев ауылдың тұрмыс-тіршілігін, өткен жылда атқарылған жұмыстарды баяндады. Бұдан соң аудан прокуроры Ақберген Мүлкеманов “Заң мен тәртіп” тұжырымдамасының негізгі бағыттарына тоқталып, қоғамда заң үстемдігін қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, тұрғындарды құқықтық сауаттылықты арттыруға, алаяқтық, тұрмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алуға және заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Әсіресе, интернет-алаяқтықтан сақ болу, жеке деректерді қорғау мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін жеткізді. Кездесу еркін форматта сұрақ-жауапқа ауысты.

Тұрғындардың басым бөлігі ағын суға қатысты мәселелерді көтерді. Аудан әкімі аталған мәселенің өзекті екенін атап өтіп, бұл бағытта жұмыстар қолға алынғанын айтты. Каналдардың жағдайы зерделеніп, жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Бұл мәселеге қатысты аудан әкімінің орынбасары Қуаныш Бүркітәлиев және «Қазсушар» мекемесінің маманы түсініктеме беріп, заңдылықтарға сәйкес жауаптарын айтты.