
Үлгілі ауылдық клубында жергілікті тұрғындар мен зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен Конституциялық реформаны түсіндіруге арналған келелі кездесу өтті. Жиынның басты өзегі – жаңарған Ата Заң жобасының мәні мен ел болашағына тигізер әсері болды.
Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының қалай әзірленгеніне ерекше тоқталып өтілді. Бұл құжат – жабық есік жағдайында емес, жарты жыл бойы жүргізілген ауқымды әрі ашық жұмыстың жемісі.
Жаңа Конституция – еліміздің қазіргі саяси-құқықтық даму кезеңінің айнасы. Жиында айтылғандай, құжаттың негізгі философиясы «Адам – мемлекет үшін емес, мемлекет – адам үшін» деген қағидаға негізделген.
«Жаңа Ата Заңның негізінде адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары тұр. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы басты конституциялық құндылық», – деп атап өтті спикерлер.
Үлгілі ауылдық округінің тұрғындары реформаның маңыздылығын сезініп, өз ойларын ортаға салды. Кездесуде тек саяси өзгерістер ғана емес, ауыл халқының әлеуметтік жағдайы мен құқықтық қорғалу деңгейін арттыру мәселелері де сөз болды.
Жиын соңында ауыл халқы алдағы саяси науқандарда ауызбіршілік танытып, ел болашағы үшін маңызды қадамдарды қолдауға дайын екендіктерін білдірді.