
Үлгілі ауылдық округінің дәрігерлік амбулаториясында медицина қызметкерлерінің қатысуымен Конституциялық реформаның негізгі бағыттарын талқылауға арналған кездесу өтті. Жиынның басты мақсаты – Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің денсаулық сақтау саласы мен әлеуметтік әділдікті нығайтудағы рөлін түсіндіру.
Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы маңызы сөз болды. Медицина саласының өкілдері үшін ең өзекті мәселе – азаматтардың денсаулығын сақтау құқығы мен мемлекеттік әлеуметтік міндеттемелердің күшейтілуі.
Конституцияда мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелері нақтыланып, халықтың әл-ауқатын арттыруға басымдық берілген.
«Конституциялық реформа – бұл тек саяси өзгеріс емес, бұл әрбір қазақстандықтың, соның ішінде медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартуға және халыққа көрсетілетін көмектің сапасын арттыруға бағытталған қадам», – деп атап өтті жиынға қатысушылар.
Кездесу соңында Үлгілі амбулаториясының дәрігерлері мен медбикелері реформаның маңыздылығын қолдайтындарын білдірді. Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға тұщымды жауаптар беріліп, алдағы референдумның ел болашағы үшін тарихи маңызы зор екені айтылды.
Ауылдық медицина мамандары мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылдау кезінде белсенділік таныту – әрбір азаматтың парызы екенін атап өтті.