Дәрігерлер қауымы Конституциялық реформаны талқылады

Дәрігерлер қауымы Конституциялық реформаны талқылады

Қостөбе ауылдық дәрігерлік амбулаториясында жергілікті медицина қызметкерлерінің қатысуымен Конституциялық реформаның мән-маңызын түсіндіруге арналған кездесу өтті. Жиында жаңа Ата Заң жобасының қоғам дамуына тигізер ықпалы мен басты жаңашылдықтары кеңінен сөз болды.
Кездесудің мақсаты — ел өміріндегі тарихи өзгерістердің мәнін ашу және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Спикерлер өз сөзінде реформаның өзегінде «адам және оның өмірі» тұрғанын, ал бұл қағида медицина саласының басты құндылығымен тікелей үндесетінін атап өтті.
«Жаңа Ата Заң жобасы — бұл еліміздің тұрақты дамуына бастайтын берік құқықтық негіз. Әсіресе, әлеуметтік әділдік пен денсаулық сақтау мәселелеріне басымдық берілуі біз сияқты медицина қызметкерлері үшін өте маңызды», — деп атап өтті жиынға қатысушылар.
Кездесу еркін форматтағы сұрақ-жауаппен жалғасты. Амбулатория ұжымы реформаның іске асу тетіктері мен жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі өзгерістер туралы сұрақтарына тұщымды жауаптар алды. Дәрігерлер қауымы ұсынылған бастамаларға қолдау білдіріп, өз пікірлерін ортаға салды.
Жиын соңында ұйымдастырушылар барша қызметкерлерді 15 наурыз күні өтетін республикалық референдумға белсенді қатысуға, елдік маңызы бар шешім қабылдауда бей-жай қалмауға шақырды.