Конституциялық реформа – жарқын болашақ кепілі

Конституциялық реформа – жарқын болашақ кепілі

Шахан ауылындағы М. Әуезов атындағы орта мектебінде маңызды кездесу өтті. Мектеп ұжымы басын қосқан бұл жиын Ата Заң жобасын түсіндіруге және конституциялық реформалардың мән-маңызын ұғындыруға арналды.
Жиын барысында қатысушылар Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен жаңа бастамаларды талқылады.
Кездесу дәстүрлі баяндама түрінде емес, ашық форматтағы еркін сұхбат түрінде өрбіді. Мұғалімдер ел болашағына қатысты өз көзқарастарын білдіріп, реформалардың қоғам өміріне тигізер әсері туралы сауалдарын қойды.
«Конституция – мемлекетіміздің берік негізі болса, білімді жастар – сол негізді нығайтатын басты қозғаушы күш. Құқықтық мәдениеті жоғары қоғам ғана өркениетті елдер қатарынан көріне алады», – деп атап өтті жиынға қатысушылар.
Мұндай кездесулердің мектеп қабырғасында өтуі – өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезім мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға септігін тигізеді. Ортақ құндылықтарды ұлықтаған жүздесу соңында ел бірлігі мен құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадамдар пысықталды.