
Түймекент ауылдық дәрігерлік амбулаториясында Конституциялық реформаны түсіндіру мақсатында медицина қызметкерлерімен кездесу өтті. Жиынның басты тақырыбы – жаңа Ата Заң жобасындағы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктері және еңбек саласындағы маңызды жаңашылдықтар болды.
Кездесу барысында жаңа Конституция жобасында азаматтардың, соның ішінде медицина саласы мамандарының құқықтарын қорғауға баса мән берілгені атап өтілді. Әсіресе, еңбек саласына қатысты нормалардың заң деңгейінде бекітілуі – заман талабы.
Дәрігерлік амбулатория ұжымы бұл өзгерістердің қарапайым еңбек адамының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталғанын жоғары бағалады. Медицина қызметкерлерінің пікірінше, еңбек құқықтарының Ата Заң деңгейінде нығайтылуы мамандардың ертеңгі күнге деген сенімін арттырады.
"Медицина қызметкерлері үшін қауіпсіз жұмыс орны мен еңбектің әділ бағалануы өте маңызды. Жаңа Конституция бұл мәселелерді шешуге заңдық негіз қалап отыр. Біз қарапайым еңбек адамын ардақтайтын бұл реформаны толық қолдаймыз", – деп атап өтті амбулатория қызметкерлері.
Жиын соңында қатысушылар Конституциялық реформа – еліміздің демократиялық дамуы мен әлеуметтік жаңғыруы жолындағы батыл қадам екенін айтты. Жаңа Ата Заң әрбір азаматтың құқықтық қорғалуын қамтамасыз ете отырып, Әділетті Қазақстанның іргетасын бекіте түспек.